Этномедиацияның қоғамдағы рөлі

Семинар
Ақтөбе қаласындағы Aktobe IT HUB орталығында облыстық ішкі саясат басқармасы «Этномедиацияның қоғамдағы рөлі» атты семинар өткізді.

Іс-шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, этномәдени бірлестіктер, аналар кеңесінің өкілдері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қатысты.
Әуелі облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Динара Достанова сөз сөйлеп, этносаралық қақтығыстарды тиімді реттеу, медиация әдістерін қолдану және келіссөз жүргізу барысында кәсіби дағдыны дамытуға арналған семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Қатысушыларды таныстырған «Келіссөздер Академиясы» қоғамдық бірлестігінің жаттықтырушы-медиаторы, заң ғылымдарының докторы Светлана Балпейісова өңірімізде 200-ге кәсіби медиатор барын, сондай-ақ барлық ауданда медиаторлар жұмыс істейтінін айтты.

Семинардың тренері — «Халықаралық кәсіби медиаторлар және заңгерлердің институты» республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы, жаттықтырушы-этномедиатор Жанар Үсібекова елімізде этномедиацияның дамуына үлес қосып жүргенін тілге тиек етті.
— Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында осы медиация инстиутын одан әрі дамыту қажет екенін атап өткен болатын. Қазақстан — көпұлтты мемелекет. Ұлтаралық қарым-қатынастың шиеленісуі әлеуметтік себептерге байланысты туындап жатады. Мәселен, жақында еліміздің бір мектебінде екі оқушы бір-біріне жаман сөз айтып, арты жанжалға ұласқан. Екеуі — екі ұлттың өкілі. Балалармен және ата-аналарымен кездесіп, түсіндіру жұмысы жүргізілді. Осындай жағдайда медиацияның бір бағыты саналатын этномедиацияның қоғамдағы рөлі зор, — деді Жанар Үсібекова. Одан әрі Үсібекова семинар-тренингті жүргізіп, этносаралық жанжалдарды реттеудегі медиация әдістері мен дауды шешудің тиімді жолдары туралы баяндамасын ұсынды.
Семинар барысында этносаралық қақтығыстарды реттеуде қолданылатын медиацияның негізгі кезеңдері, этникалық қақтығыстардың себептері мен типологиясы, сондай-ақ этносаралық дауды шешу бойынша келіссөз жүргізу әдістері туралы түсінік берілді. Сонымен қатар қатысушылар практикалық кейстер арқылы этносаралық қатынастардағы медиация мен дауды шешу жолдарын зерттеді. Семинар соңында қатысушылар алған білім мен дағдыны бекіту мақсатында қорытынды тестілеуден өтіп, арнайы сертификатпен марапатталды. Іс-шараға қатысушылар өз пікірін айтып, аталған семинардың маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ:



