Жаңалықтар

Ақтөбелік асықшылардың жүлдесі

Ұлттық спорт

Жуырда Алматы облысы Талғар қаласында «Ақ бидай» VIII республикалық ауыл спорты ойындары өтті. Дүбірлі додада облыс намысын қорғаған Ырғыз және Мұғалжар ауданының асықшылары жалпыкомандалық есепте жүлделі үшінші орыннан көрінді. Ұлттық спорттың мерейін асырған спортшыларымызды ақтөбелік жанкүйерлер теміржол вокзалынан ерекше ықыласпен күтіп алды.

«Ақ бидай» ойындары елімізде төрт жылда бір рет өтеді. Жарысқа 17 облыстан үш жарым мыңдай спортшы қатысып, 20 спорт түрінен сынға түсті.
— Жарыстың ерекшелігі сол — мұнда ауылдан шыққан 18 жастан асқан спортшылар ғана бақ сынады. Қатысушылар спорт шебері немесе спорт шеберіне үміткер болмауы шарт. Сондықтан бұл дода ауыл дарындарын анықтауға зор мүмкіндік.
Жарыс өте тартысты өткен. Жекелей сында бес асықтан бірінші сақада Диана Білісбаева күміс, екінші сақада Айнұр Бұхарбаева қола алды. Асық атудан облыс құрамасы сапындағы Ырғыз ауданының спортшылары Ғарышбек Құлыбек, Еркін Омарғалиев және Саят Бақытжанұлы өз сақалары бойынша үшеуі де қола жүлдегер атанды. Осылайша жігіттеріміз бен қыздарымыз спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындап, бесеуі де Қазақстан ұлттық құрамасына қабылданды. Бұл — бұрын-соңды болмаған үлкен жетістік. Сонымен қатар Ғарышбек Құлыбек іріктеу кезінде ойынды 1 минут 5 секундта аяқтап, Қазақстан рекордын жаңартты.
Айта кетейік, облыс қоржынына бір күміс, бір қола жүлде салған ырғыздық ерлі-зайыпты асықшылар Еркін Омарғалиев пен Диана Білісбаева «Ақ бидай» ойындарында жүлдеге ие болған және облыс тарихында Қазақстан ұлттық құрамасына мүшелікке қабылданған тұңғыш отбасы атанды, — дейді облыстық асық ату федерациясының атқарушы директоры Мұсағали Тасқалиев.
Облыста асық ату федерациясы үш жыл бұрын құрылған. Осы уақыт ішінде федерацияның жетістігі де аз емес. Енді облыстың асықшылары қараша айында Түркияда өтетін халықаралық жарысқа дайындалмақ. Сондай-ақ Мұсағали Тасқалиев желтоқсан айында асық атудан өтетін Әлем кубогы Ақтөбеде ұйымдастырылатынын атап өтті.
Облыс намысын қорғаған спортшының бірі — Айнұр Бұхарбаева. Бүгінде ол —Қандыағаш қаласындағы №1 орта мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі.
— Бала кезімнен асық ойнаймын. Облыстық асық ату федарациясы ашылғалы тұрақты түрде айналасып жүрмін. Жалпы, асық ойынының тәрбиелік мәні зор. Шәкірттеріме де ұлттық ойынның мән-маңызын түсіндіруге тырысамын.
«Ақ бидай» ойындары ауыл спортының көтерілуіне, ауылдағы ағайынның спортқа деген қызығушылығын арттыруға тың серпін болды, — дейді ол.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button