Жаңалықтар

Шашпай-төкпей жинап алсақ…

Жиын-терін

Бүгінде облыста 256 мың гектардан астам егін жиналды, бұл— жалпы жоспардың 60 пайызы. Ауа райы қолайлы болса, алдағы екі апта ішінде егін жинау жұмыстарын толық аяқтау жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласына қатысты тапсырмаларын орындау және егін жинау науқанын жүргізу мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібәлиевтің айтуынша, биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі— 756 мың гектар. Оның ішінде негізгі бөлігі, атап айтсақ, 426,4 мың гектары — дәнді дақылдар, 262,8 мың гектары — мал азығы, 60,3 мың гектары —майлы дақылдар. Сондай-ақ 6 мың гектардан астам алқапқа картоп пен көкөніс-бақша дақылдары егілген.

Егін жинау науқанына 600-ден астам астық жинайтын комбайн, 1,5 мың трактор, 800 трактор тіркемесі және 500 жүк көлігі тартылған. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 7,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді, оның литрі 250 теңгеден берілді. Бұл нарықтық бағадан 15 пайызға арзан. Қыркүйек айына 3925 тонна отынға келісім шарттар жасалып, жеткізілуде.

Сондай-ақ өңірде цифрландыру мен дәлме-дәл егіншілік элементтерін енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, «Дилэнд» ЖШС, «Ақжар Агро», «Елім Табантал» және тағы басқа шаруашылықтардаJohn Deere, Claas, New Holland, Case сияқты заманауи техникалар қолданылуда. Олар өнімділік пен жанармай шығынын есепке алуға мүмкіндік беретін сенсорлар және навигаторлармен жабдықталған. «АкТеп» және «Дилэнд» шаруашылықтарында метеостанциялар орнатылған, ал «Navistar-Asia» компаниясымен бірлесіп навигациялық жүйелер енгізілуде.

Облыс әкімі 15 қазанға дейін егіс процесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізуге қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды.

Асқар Жүсібәлиевтің мәліметінше, облыстағы астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы — 685,1 мың тонна. Бұл жаңа өнімді толық қабылдап, сақтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта элеваторларда 96 мың тонна астық сақтаулы тұр, жаңа өнімнен тағы 71 мың тонна қабылданған. Өңірде газ және дизель отынымен жұмыс істейтін 15 астық кептіргіш қондырғы бар.

«Қазгидромет» орталығының мәліметінше, қыркүйекте ұзаққа созылатын жауын-шашын күтілмейді, бұл егін жинауға қолайлы болмақ.

Бүгінде 256 мың гектар дәнді дақыл жиналып, орташа өнімділік гектарына 11 центнер болып отыр.

Асхат Шахаров ауа райының қолайлы күндерін барынша тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Ол тек өнімді толық жинап алу ғана емес, сонымен қатар оны сақтап, өткізуді алдын ала ойластыру маңызды екенін жеткізді.

— Фермерлерге кедергі келтіретін кез келген жағдайға жол бермеу керек, логистика мен тасымал жұмыстарын үйлестіріңіздер. Ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдеріне егін жинау қарқынын арттырып, техника және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелерін қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Астықты толық жинау үшін қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, тәулік бойы жұмысты ұйымдастыру қажет,— деді облыс әкімі.

Асхат Шахаров сондай-ақ әлеуеті жоғары шаруашылықтардың өзге фермерлерге қолдау көрсетуі мен өзара ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Облыс әкімі егін жинаудан кейінгі сақтау және өнімді өткізу мәселелерін алдын ала және жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button