Жаңалықтар

Жас баскетболшылар Йорик Майклспен бірге жаттықты

Семинар

12–14 қыркүйек аралығында Ақтөбедегі «Қоныс» спорт сарайында халықаралық жаттықтырушы, Elite Athletes компаниясының негізін қалаушы, халықаралық турнирлердің ұйымдастырушысы Йорик Майклстың жетекшілігімен облыстық деңгейдегі оқыту семинары өтті.

Баскетболдан өткен шеберлік сағатына 15 пен 18 жас аралығындағы 80 спортшы және 10 бапкер қатысты.Семинардың ашылу салтанатына облыс әкімі Асхат Шахаров пен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов қатысып, спорт саласын дамытуға бағытталған Йорик Майклстың бастамасына сәттілік тіледі.

Халықаралық деңгейдегі маман қатысып отырған бұл семинар —бапкерлеріміз бен жас баскетболшыларымыз үшін үлкен тәжірибе алаңы. Бұл облысымыздағы баскетболдың дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін.Өңірде 2000-ға жуық жасөспірім осы спорт түріменшұғылданады. Командалық спорттың деңгейін көтеру үшін жергілікті жаттықтырушылардың кәсіби шеберлігін шыңдау — басты мақсатымыз, — деп атап өтті облыс әкімі Асхат Шахаров.

Өз кезегінде Йорик Майклс спортсүйер қауымға алғысын білдіріп, өңір жастарының баскетболға деген қызығушылығы жоғары екенін жеткізді.

Ақтөбеге келгеніме қуаныштымын. Мұнда өз тәжірибеммен бөлісуге арнайы келдім. Жаттығу барысында жас спортшылардың үйренуге деген ынтасының зор екенін байқадым. Бұл семинар өңірдегі баскетболдың дамуына тың серпін береді деген ойдамын. Шеберлік сағатымда бапкерлерге жаңа әдіс-тәсілдерді көрсеттім. Алдағы уақытта сол бағыт бойынша балаларды дайындайды деп сенемін, — деді NBA және WNBA ойыншыларының жаттықтырушысы.

Йорик Майклс үш күндік семинарда ақтөбелік жас өрендер мен олардың бапкерлеріне арнайы техникалық жаттығу тәсілдерін үйретіп, баскетболшылардың шеберлігін жетілдіруге өз үлесін қосты. Шеберлік сағатына қаламыздағы спорт мектептерінен бөлек, Алға, Қандыағаш қаласының тәрбиеленушілері де қатысты.

№2 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебініңбаскетбол бөлімінде 6 жылдан бері жаттығамын. 1-разрядтағы спортшымын. Йорик Майклстың шеберлік сағатына қатысып, аз уақыт ішінде біраз тәжірибе жинақтадым. Алдағы уақытта қателіктеріммен жұмыс жасаймын. Бірлескен жаттығу — спортшылар үшін кәсіби мансапта шыңдалуға берілген мүмкіндік. Бүгінде облыста баскетбол спорты қарқынды дамып келеді. Бапкерлеріміздің қажырлы еңбегінің арқасында облыс командаларының ішінде үздік нәтижеге қол жеткіздік, — дейді №2 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Дастан Сағидолла.

Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификат табысталды. Сондай-ақ ерекше ойын көрсеткен №2 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің баскетбол бөлімінің жаттықтырушылары Виктор Кузьмин мен Нұрайна Сейілханова арнайы жолдама-сертификатқа ие болды. Енді олар танымал баскетболшы Йорик Майклстың қатысуымен өтетін кез келген шеберлік сағатына қатыса алады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button