Жаңалықтар

Көне қоныстың елеулі күні

11-12 қыркүйекте Ырғыздың іргетасы қаланғанына 180жыл толуына орай аудан орталығында мерейтойлық іс-шаралар өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, сондай-ақ өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен Ырғызда туып-өскен, бүгінде әр салада жемісті еңбек етіп жүрген азаматтар қатысты.

Мерейтойлық іс-шаралар ауданның брендіне айналған, облыстағы жас таланттардың танылуына мүмкіндік беретін «Аймақты әнмен тербетіп…» өнер байқауымен басталды. Бұл байқау Ырғыз ауылындағы «Жігер» спорт кешенінде өтті.Байқауға эстрада және дәстүрлі ән жанры бойынша жалпы саны 25 өнерпаз қатысып, өзара бақ сынасты. Сондай-ақ байқау аясында аудан тұрғындарына лотерея ойындары ұйымдастырылды.

Ал мерейтойдың екінші күнінде аудан орталығының сыртында орналасқан ипподромда  аламан бәйге және қазақ күресінен палуандар арасында сайыс өткізілді. Ұлттық спорт түрлерінен Қостанай, Қызылорда облыстарынан, сондай-ақ облысымыздың бірқатар аудандарынан келген жас спортшылар сайысты.

Бұл күні жан-жақтан жиналған қонақтарға арнайы ас беріліп, аудандық «Арай» мәдениет үйінде ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды. Басқосуда сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев жиналған жұртшылыққа өңір басшысының құттықтауын жеткізіп, соңғы үш жылда Ырғыз ауданында ауқымды, игі бастамалар жүзеге асылырып жатқанын, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруде жаңа жобалар қолға алынғанын атап өтті.

Конференция барысында тарихшы ғалымдар Ырғыз туралы ғылыми зерттеулерін баяндаса, осы өлкеде туып-өскен белгілі азаматтар жерлестеріне жүрекжарды лебізін жолдады. Бұдан бөлек шарада мерейтойға Алматы қаласынан арнайы келген, мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтің қызы, Ырғыз ауданының құрметті азаматы, 93 жастағы Орынша Қарабалина туған жерге деген сағынышы мен әкесінің осы өңірге сіңірген еңбегі жайлы айтып берді.

Конференция соңында биыл толықтырылып, қайта шығарылған «Ырғыз» энциклопедиясының тұсауы кесіліп, көпшілікке таратылды. Ал іс-шаралар қорытындысында «Аймақты әнмен тербетіп…» өнер байқауының жеңімпаздары марапатталып, бірқатар ырғыздықтарға мерейтойлық медальдар табысталды.

(Ырғыздың 180 жылдығына арналған іс-шаралар туралы толық материалды газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).

Данагүл ҚАЗИХАН. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button