Гүлге оранған Ақтөбе

Сенбі күні Ақтөбе қаласындағы Абай атындағы гүлзарда дәстүрлі «Гүлдер әлемі — 2025» қалалық гүл фестивалі өтті. Төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылған шарада 130-дан астам қатысушы 8 номинация бойынша бақ сынады.
Гүлзар түрлі гүлмен көмкерілген. Мұнда жұпар иісі аңқыған, жайқалған гүлдер де, түрлі материалдан жасалған жасанды гүлдер де жетеді. Қай-қайсысы да әдемі, әсем, өзіндік ерекшелікке ие.
Фестивальге қатысқан қала әкімі Азамат Бекет тұрғындарға жылы лебізін білдірді.
— Бұл фестиваль — Ақтөбе қаласының қоғамдық өміріндегі маңызды шараның бірі. Ол қала тұрғындарын табиғатты аялауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырады.
Фестивальға қатысушылардың өз қолымен жасаған гүл композициялары жұртшылыққа ерекше көңіл күй сыйлап отыр. Әрбір туынды — талғам мен ізденістің, шынайы еңбектің жемісі, — деді Азамат Бекет.
Расында, фестиваль ақтөбелік гүл өсірушілерде идея көптігін, ерекше қабілет-қарымы мен ізденісін айқын көрсетті. Байқаудың жеңімпаздары «Ақтөбеде жасалды», «Таңғажайып гүлзар», «Үздік үй гүлі», «Үздік гүл композициясы», «Үздік гүл шоғы», мектепке дейінгі мекемелер арасында — «Үздік ұжымдық жұмыс», қала мектептері арасында — «Үздік ұжымдық жұмыс», колледждер арасында «Үздік жұмыс» номинциялары бойынша марапатталды.
Айта кету керек, гүл фестивалімен қатар, бұл күні гүлге оранған шаһардың көркейіп, халықтың жайлы өмір сүруін қалыптастыруға бағытталған «Менің Ақтөбем» қалалық байқауының қорытындысы шығарылды. 1 сәуірден 30 тамызға дейін созылған байқау қала тұрғындарының өз қаласын көркеютуге деген белсенділігін жоғары деңгейде көрсетті. Астана және Алматы аудандарынан барлығы 83 өтініш келіп түскен. Тұрғындар өз жетістіктерін «Үздік көппәтерлі үй ауласы», «Үздік көгалдандырылған кәсіпорын немесе ұйым», «Үздік аула сыпырушы», «Үздік көгалдандырылған жеке үй», «Үздік көппәтерлі үй басқарушысы» аталымдары бойынша ұсынды. Фестиваль аясында аталған байқаудың да үздіктері марапатталды.
Қала басшысы бұл конкурстар ғана емес, сонымен қатар сұлулықтың, бастамашылдықтың мерекесі екенін, әрбір тұрғынның өз қаласына деген сүйіспеншілігін арттара түсетінін атап өтті.
— Біз биыл қаламызда бірінші рет «Менің Ақтөбем» байқауын жариялағанбыз. Оған ақтөбеліктер белсене қатысып, қаламыздың ең үздік аулаларын, ең үздік үйлерін үлгі ретінде ұсынды. Алдағы уақытта да осындай игі бастамалар жалғасын тауып, Ақтөбе тек өндірістік қуатымен ғана емес, экологиясы таза, жасыл желекке оранған заман талабына сай әрі жайлы қала ретінде дами береді деп сенемін. Ортақ үйіміз — Ақтөбені бірге көркейтейік, — деп қорытындылады сөзін Азамат Бекет.
Одан кейін қала әкімі гүл өсіруші бағбандар мен сан алуан туынды жасаған шығармашыл педагогтердің жұмыстарымен танысты.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.









