Жаңалықтар

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының игілікті ісі

Баспасөз туры

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2022 жылдан бері Ақтөбе облысында 25 игілікті іс атқарып, 11 миллиард 195 миллион теңге қаржылай көмек көрсетті. Өткен аптада Қор өкілдері Ақтөбеге арнайы келіп, баспасөз турын ұйымдастырып, атқарған жұмыстарының нәтижесін таныстырды.

Қор өкілдері мен өңір журналистері әуелі Мәртөк ауданына барды. Мұнда №1 Мәртөк орта мектебінің жаңартылған материалдық-техникалық базасын көріп,
тыныс-тіршілігімен танысты. Топты аудандық білім бөлімінің басшысы Әсет Есалин мен осы бөлімінің әдіскері Дина Шапенова күтіп алып, жол
бастап жүрді.
Қор өкілдерінің айтуынша, Ақтөбе облысы — қор ең көп қамтыған өңір. Мәртөктің №1 мектебі — осы жобалардың нақты нәтижесі.
— Екі жыл бұрын мектебімізге «Қазақстан халқына» қорынан 250 миллион теңге бөлініп, 29 кабинет жабдықталды. Пәндік бағыттағы кабинеттер ғана емес, сонымен қатар Art Studio, робототехника, STEM, телестудия, тіпті технология кабинеттері де бар. Осы уақыт ішінде оқушылар саны артты. Бұрын 572 оқушы болса, биыл 602 болды. Бұл мектебімізге деген ата-аналардың сенімін көрсетеді, — деді Мәртөктегі №1 орта мектептің директоры Динара Қаржауова.
Мектеп кітапханасы арнайы жиһазбен жабдықталған, кітап қорына қоса, дамытушы ойындар, оның ішінде қазақ хандығы туралы ойындар бар. Кітапханашы Раушан Сағындықова: «Бұл балаларға тарих білімін тереңдетуге көмектеседі», — деді. Ал мектептің телестудиясында оқушылар көпшілік алдында сөйлеуге және ойын ұғынықты жеткізуге үйренеді. Мұнда 9-сынып оқушысы Аягөз Оралбаева журналистикаға қызығатынын әрі телестудия жұмысы қызықтыратынын айтты. Бұл жердегі заманауи кабинеттер мен құралдар қала мектептерінен кем түспейді. Робототехника кабинетінде оқушылар «Ақылды таяқша» мен «Ақылды жылыжай» секілді жобаларды жасап жатыр. Мектепте арт-терапия, еңбек және музыка кабинеттері де бар, ол жерде де балалар шығармашылығын дамыта алады.

— «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2022 жылдан бері Ақтөбе облысына 11 миллиард 195 миллион теңге қайырымдылық көмек көрсетіп, 25 жобаны қолдаған. Білім беру саласындағы негізгі бағдарламамыз — тірек мектептердің әлеуетін арттыру. Ақтөбе облысының әр ауданында тірек мектептер жабдықталған, ал Мәртөктің №1 мектебі — соның бірі. Мәселен, 11 миллиардтан астам қаражаттың 250 миллион теңгесі №1 Мәртөк орта мектебінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсалды.
Сондай-ақ білім беру саласындағы біздің екінші жобамыз — ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектеп. Елімізде осындай 98 мектеп бар. Біз барлық мектепті қажетті жабдықпен қамтамасыз еттік, оның төртеуі — Ақтөбе облысында. Бұл мектептер есту және көру қабілеті бұзылған, ақыл-ой кемістігі және психикалық ауытқуы бар балаларға арналған. Үшінші жобамыз — аутизм мен басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған орталық. Бұл орталықты да заманауи жабдықтармен жабдықтадық, — деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қайырымдылық бағдарламаларды үйлестіру орталығының басшысы Шыңғыс Шарапиев.
Одан соң баспасөз турының қатысушылары «Арнайы мектеп ұйымдарын жабдықтау» қоры жобасы аясында облыстық арнайы мектепке (№7 арнайы мектеп) барды. Мектеп директоры Дина Тұрымова «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мектепті жабдықтауға 28 миллион теңгеден астам қаржылай көмек көрсеткенін айтты.

— Біздің арнайы мектебімізде 309 оқушы бар. Ғимаратымыз ескі. Алайда қордың көмегімен жаңа жабдықтар алынып, ерекше балалардың білім алуына және дамуына қолайлы жағдай жасалды. Сондай-ақ бұл жоба балаларды шығармашылық процестерге белсене қатыстыруға және әлеуметтендіруге мүмкіндік берді, — деді ол.
Қордан қамқорлық алғандардың бірі — Ақтөбе облысы менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсететін «Қамқорлық» орталығы.
— Ашылғанымызға бір жыл болды. Былтыр 16 бала келсе, биыл 100 бала қызмет алып отыр. Орталық екі ауысымда жұмыс істейді. Облыс әкімдігі бұл ескі ғимаратқа күрделі жөндеу өткізіп, пайдалануға берген еді. Ал «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 128 миллион теңге қаржылай көмек көрсетті. Бұл қаражатқа арнайы мамандардың кабинеттері балаларды дамытуға, денесін шынықтыруға арналған құрал-жабдықтармен жабдықталды, — деді «Қамқорлық» орталығының басшысы Нұргүл Сарманова. Мұнда ақыл-есінде ақауы бар балаларға қызмет түрлері көрсетіледі. Орталықта заманауи әдіс-тәсілдерді меңгерген педагогтер жұмыс істейді. Олар түрлі курстарға қатысып, үнемі біліктілігін жетілдіріп отырады. Ата-аналардың бірі Гүлмира Әбдіғалиева бұл орталыққа егіз ұлын әкеліп жүр. Гүлмира егіз ұлдың бірінің музыкаға қабілеті барын білген, екінші ұлының үй тірлігіне бейімделіп келе жатқанына қуанып, «Қамқорлық» ұжымына алғыс айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button