Жаңалықтар

Әлеуеті мықты әуехаб

Инвестиция

 Ақтөбе әуежайы Орталық Азияның негізгі әуе-транзиттік торабына айналады.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны — «ҚазМұнайГаз-Аэро» Әлия Молдағұлова атындағы әуежай аумағында авиациялық хабты дамыту жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыруға кірісті.Жобаның алғашқы кезеңінде инженерлік-геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Мақсат — болашақ өндірістік нысандардың қауіпсіздігі мен ұзақ мерзімді жұмысын қамтамасыз ету үшін топырақтың және жерасты суларының ерекшеліктерін жан-жақты зерттеу. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін негізгі құрылыс басталады.

Ақтөбе әуежайында өткен баспасөз мәслихатында «ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясының бас директоры Ильдар Шамсутдинов аталған жобаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген міндеттерге сәйкес жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Бұл Ақтөбе әуежайын заманауи халықаралық хабқа айналдырудағы маңызды кезең болмақ. Жаңа отын құю кешені әуе кемелерін  РТ және ТС-1 маркалы жанармаймен ғана емес, сонымен қатар халықаралық нарықта сұранысқа ие Jet A-1 авиаотынымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл стандартқа көшу Қазақстанды жаһандық әуе көлігі желісіне кіріктіру үшін қажет, сонымен қатар болашақта экологиялық таза авиациялық отынды (SAF) пайдалану үшін міндетті талап, — деді ол.

Инвестициялық жоба аясында екі кешеннің құрылысы қарастырылған. Бірінші кезеңде сыйымдылығы 600 текше метр болатын мобильді отын құю кешені салынып, екі автоотын құю көлігі сатып алынады. Қазіргі таңда оның бірі Ақтөбе әуежайында іске кіріскен. Аталған компания өкілдерінің айтуынша, автоотын құятынбір көлікте 11 адам ауысыммен жұмыс істейді. Сыйымдылығы 20 текше метр отын құюды қамтамасыз ететін мобильді көліктің ерекшелігі — JIG 1/API/IP 1581 стандарттарына сәйкес. Дәл осындай екінші көлік жыл соңына дейін жеткізілмек.

Ильдар Шамсутдинов жобаның екінші кезеңінде негізгі нысан — сыйымдылығы 20,2 мың текше метр болатын отын сақтау резервуарлар паркі, теміржол арқылы мұнай өнімдерін құю-түсіру эстакадасы және диспетчерлік орталық салынатынын айтты. Резервуарлар паркінде әуе отыны, АИ-95, АИ-92 маркалы бензин, жеңіл және қыстық дизель отыны сақталады. Сонымен қатар бұл аумақта сорғы-сүзгі станциясы мен сапаны бақылау зертханасы, өрт сөндіру депосы, инженерлік желілер мен автоматтандыру жүйелері салынады. Бұл жоба 2027 жылы толықтай пайдалануға берілмек.

Инвестиция көлемі —шамамен 5 миллиард теңге. Жобаны іске асыру аясында 50-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Осылайша Ақтөбе әуежайы толыққанды авиациялық хабқа айналып, Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі транзиттік торап ретіндегі рөлін күшейтеді,— деді Ильдар Шамсутдинов.

Жаңа отын құю кешені іске қосылған соң Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайдың жүк және жолаушылар ағыны артады.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға қатысты нақты басымдықтарды айқындап берді. Әсіресе Еуразиялық логистика картасындағы негізгі нүктелерге айналатын жаңа мультимодальды хабтарды құруға ерекше назар аударылды.Ақтөбе әуежайының жүк хабы ретінде даму әлеуеті зор және ол стратегиялық маңызы бар нысандардың қатарына енгізілген.Бүгінде біз бұл мақсатқа жету жолында белсенді түрде жұмыс істеп жатырмыз. Соның дәлелі — облыс әкімдігі және инвесторлармен бірлесіп жанармай кешенін жаңғырту,заманауи қойма инфрақұрылымын салу және әуежай аумағында арнайы экономикалық аймақ құру сияқты ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Аталған жобаларіске қосылған кездеөңірдің дамуына қуатты серпін бермек. Яғни жүк ағыны бірнеше есе артып, жаңа тұрақты жүк әуе рейстері ашылады, сондай-ақ халықаралық бағыттар кеңейе түспек, — деді «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Дастан Малиев.

Оның айтуынша, былтыр әуежайдың жолаушылар ағыны шамамен бір миллионға жуықтаған. Жаңа жоба іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш арта түспек. Мәселен, осы айдаАқтөбе-Ыстанбұл тікелей әуе рейсін ашу жоспарда бар. Бұл рейсті түріктің Pegasus әуе компаниясы жүзеге асырады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button