Кәсіп қалай игеріледі?
Жұма күні облыстық мәслихат депутаттары «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын іске асыру және аз қамтылған азаматтар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау бойынша Мәртөк ауданына іс-сапармен барып, жергілікті атқарушы органдардың жұмыстарымен танысты.
Депутаттар алдымен Жайсаң ауылындағы балаларды кәсіпке баулитын Әлия Молдағұлова атындағы №13 кәсіби лицейге барды. Бұл қара шаңырақта өңірдің ғана емес, Алға, Тамды балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен дамуында психикалық кедергісі бар арнаулы мектеп-интернаттың балалары да оқиды. Ал мамандар ата-анасыз өскен қорғансыз балаларға білім мен тәрбие бере отырып, оларды арнайы мамандыққа баулиды.
Қазір мұнда 290-ға жуық бала слесарь-сантехник, аспаз-кондитер, жүргізуші, ағаш ұстасы, тас қалаушы, есепші тәрізді көптеген мамандықтарға оқиды. Лицей директоры Александр Шацковтың айтуынша, балалар үшін барлық жағдай жасалған. Оқу орнында кітапхана, мұражай, компьютер кластары мен түрлі үйірмелер бар. Оқушылар кітапханаға жиі келіп, көркем-әдеби кітаптар мен газет-журналдар оқиды екен.
— Лицейде ер балалар техникалық құралдарды жөндеумен қатар тұрмыстық бұйымдар жасауды үйренеді. Ал қыз балалар тігіншілікке оқиды. Үш кабинетте 15 тігін машинасы бар. Жақында он сегіз түрлі тігіспен тігетін іс машиналары әкелінді. Қыздар өздеріне киімдер, жатақханаға қажетті көрпе-төсек жаймаларын тігеді. Он саусағы майысып іс тігіп отырған қыздарымызды көргенде лицей ішінде киім тігетін цех бар ма деп қаласың. Себебі қыздарымыздың барлығы дерлік тігінші, — дейді лицей басшысы.
Кәсіптік лицейде білім алушыларға арнап салынған жатақхана бар. Мұндағы тұрғындардың дені ата-анасы жоқ балалар. Жатақхана іші жақсы жабдықталғанымен, қыстың ызғарлы күндері жылыту қиынға соғады. Қанша отын жаққанымен аязды күндері әйдік жатақхананы жылыту қиын. Бұл мәселе туралы депутаттарға аудандық мәслихаттың хатшысы Амантай Смағұлов:
— Жайсаң — Мәртөктің іргесінде орналасқан ауыл. Тұрғындарының саны жөнінен аудан орталығынан кейін осы өңір тұр. Бұл ауылдағы ең негізгі мәселе — газ. Қыстың суығында лицейдің жатақханасын жылыту қиынға түседі. Осы мәселені шешуге көмектесулеріңізді сұраймыз, — деді.
Мұнан соң мәслихат депутаттары лицейдегі Әлия Молдағұловаға арналған мұражайға келді. Мұражай ішінде батыр қыз туралы деректер мен естеліктер жинақталған. Ұлы Отан соғысына қатысқан ауыл ардагерлерінің медальдары, киімдері мен қолданған заттары, құжаттары да осы мұражайдан табылады. Мұражай меңгерушісі Алтын Шандыбасова: «Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы қандай да болмасын деректер жас ұрпаққа патриоттық тәрбие береді», — дейді.
Депутаттар қауымы оқушыларды түрлі кәсіпке үйрететін шеберханаларды да аралады. Олар ағаш жонып, күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап, ауыр техникаларды жөндеп жатқан балалармен тілдесті. Шеберхана жетекшісі Бауыржан Дүйсенбаев ауылға арнайы ат басын бұрған депутаттарға балалардың жұмыс жасауға ынта-қабілетінің жоғары екенін айтты. «Балалар ұстаздары үйреткен әр бұйымды қызығушылықпен жасайды. Біздің оларға үйретеріміз де мол. Бірақ шеберханаға қажетті құралдар жетіспейді», — деді маман.
Оқу ғимараты жөнделсе…
Жайсаңның ажарын ашып тұрған ғимараттың бірі — «Шапағат» балабақшасы. «Жол картасы» бағдарламасы негізінде іргесі қаланған еңселі, әсем ғимаратта қазір тоқсанға жуық бүлдіршін тәрбиеленеді. Балабақшаның ғимараты, ішкі бөлмелері жақсы жабдықталған. Әрі бөлмелерге жинақы, тәуір жиһаздар орналастырылыпты. Балалардың ойнайтын, ұйықтайтын, жуынатын, тамақтанатын және мерекелерге дайындалатын арнайы бөлмелері бар. Балабақша меңгерушісі Әлия Айтжанова мәслихат депуттарына әр бөлмені аралатып, таныстырып шықты.
— Бүлдіршіндер жас шамаларына қарай екі топта тәрбиеленеді. Орта топтың балалары зерек қадаммен, ал бірінші топ балалары алғашқы қадам бойынша жұмыс жасайды, — дейді балабақша меңгерушісі.
Балабақша бүлдіршіндері әрбір мерекені атап өтіп, әсем кештер ұйымдастырады екен. Бұл жолы олар Наурыз мерекесіне дайындық үстінде.
Мұнан кейін облыстық мәслихаттың депутаттары өңірдегі арнаулы мектеп-интернатты аралады. Бұл жерде қазір 117 бала тәрбиеленеді. Оның 70-сі ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар. Ал 37-і оқушы үйлерінен қатынап оқиды. Оқушылар тұратын жатақхана да жаңа жиһаздармен жабдықталған әрі мұнтаздай тап-таза. Әр бөлмеде 2-3 оқушыдан бірігіп тұрады. Жатақхана ішінде жылы, салқын су, жуынатын бөлмелері де бар. Мектеп басшысы Бақытгүл Абдулина депутаттарға: «Жатақханамыз оқушыларға қолайлы. Енді олар білім алатын екі оқу ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе», — деген өтінішін білдірді.
Мақсат ортақ, міндет бір
Жайсаң ауылындағы атқарылуға тиісті іс-шаралармен танысқан депутаттар Мәртөк аудандық жұмыспен қамту орталығына келіп, мамандар ұйымдастырған шағын отырысқа қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Бұлбұл Күзембаева ашып, ауданда атқарылып жатқан біршама істерге тоқталды, аталмыш бағдарлама аясында әлі де жұмыстар жүргізілу керектігін айтты. Содан кейін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімінің бастығы Гүлзада Алматбаева сөз алып, ауданда өткен жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша жұмыс екі бағытта жүргізілгенін айтты.
— Жұмыстың бірінші бағытында былтыр жеті селолық округте 13 шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасалып, 30 әлеуметтік жұмыс орындары құрылды. 87 адам кәсіптік оқыту, қайта даярлау, кәсіптік біліктілігін арттыру курстарына жолдама алды. Оның 25-сі орта арнаулы оқу орындарында түрлі мамандықтар бойынша, ал 62-сі қысқа мерзімдік курстарда оқыды. Жыл басынан бері олардың қатарындағы 17 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал қалған 45 адам бос жұмыс орындарына орналастырылатын болады. Ал екінші бағыт бойынша ауданда тоғыз адам кәсіпкерлікті дамытуға 10 миллион теңге несие алды. Ал төрт адамға жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізуге 5 миллион теңгеге қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, 25 адам кәсіпкерлікті дамыту бойынша оқытылып, тиісті сертификаттарын алды, — деді Гүлзада Алматбаева.
Биыл ауданда аталмыш бағдарлама үш бағыт бойынша жұмыс жасайды: оқыту және жұмыспен қамтуға ықпал ету, кәсіпкерлікті қолдау, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру.
— Кәсіпкерлікті дамытуға, несие алуға 23 адамнан өтініш түсті. Оған қажетті қаражат мөлшері аудан бойынша 36 миллион теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда өтініш берген азаматтармен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындар несиені шаруашылықпен айналысу үшін алады. Және айта кету керек, өңірдегі кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар тұрғындарды жұмыспен қамтуға атсалысады, — деді Гүлзада Алматбаева.
Мәртөкте жылына екі рет тұрғындарды жұмыспен қамту жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Былтыр осындай жәрмеңкеге 287 адам қатысып, оның 44-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал биыл қаңтарда ұйымдастырылған жәрмеңкеге 187 адам қатысып, олардың 14-і бос орындарға қызметке орналасыпты.
Жиын соңында облыстық мәслихаттың депутаты Қуаныш Елубаев:
— Біздің ауданды, ауылды аралаудағы мақсатымыз — шешімін таппай жүрген мәселелерді көзімізбен көріп, оларды бірге шешудің жолын табу. Сондықтан бәріміз бірге бір адамдай ат салысуымыз керек, — деді.
Айгүл ЖҰБАНЫШ.



