Шомылу маусымы аяқталды

Брифинг
Елімізде суға түсу маусымы ресми түрде 1 маусымда басталып, 31 тамызда аяқталды. Осы аралықта облыс аумағында 9 адам суға кетті. Оның төртеуі — бала. Сондай-ақ құтқарушылар мен қырағылық танытқан азаматтардың күшімен 5 адам құтқарылған.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Суға түсу маусымының жабылуы туралы» тақырыбында өткен брифингте Ақтөбе облысының ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы Әли Омаров айтты.
— Суға түсу маусымында 45 демалыс орны жұмыс істеді. Оның 24-і — коммерциялық және 21-і — коммуналдық жағажай. Шомылу маусымының аясында 367 адам суға түсуге қауіпті аймақтарда патруль болған. Облыс аумағында суға шомылуға рұқсат етілген 64 орын мен тыйым салынған 206 орынға 356 тыйым салу белгісі орнатылды. Жазда полиция қызметкерлерімен бірлесіп, судағы қауіпсіздік ережесін бұзған 702 тұлға әкімшілік жауапқа тартылды, — деді Әли Омаров.
Оның айтуынша, жыл басынан бері тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында 9 570 рейд пен патруль жүргізіліп, оған 33 170 адам қатысқан. Сонымен қатар су айдындарына 33 бақылау камерасы орнатылып, төтенше жағдайлар департаментінің басқару орталығына қосылған. Өзен бойындағы тұрғындарға дауыс зорайтқышы бар ұшқышсыз ұшу аппаратымен ескерту жасалған.
Сондай-ақ брифингке Ақтөбе облысының ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының аға инженері Қайрат Аманшеев, Ақтөбе облысының ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Жанболат Төлепбергенов қатысты.
Сала мамандары тұрғындарға шомылу маусымы ресми түрде аяқталғанын, келесі жазға дейін өзенге түсуге болмайтынын, түскен жағдайда жазаланатынын ескертті.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



