Жаңалықтар

Қожалықтың үлесі

Жемшөп

Бүгінде Ырғыз ауданында шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр. Қазір шаруа қожалықтары қысқа түсетін малға жемшөп қорын дайындап қана қоймай, ауыл тұрғындарын да шөппен қамтуда.
Ырғыз аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Есет Молыбаевтың айтуынша, биыл аудан бойынша 154 525 тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Осы бағытта шаруалар дамылсыз еңбектеніп жатыр.
— Қазіргі таңда аудан бойынша 75 814 тонна мал азығы дайындалды. Оның 20 460 тоннасы тасып алынды. Тасып алынған мал азығының 11 310 тоннасы немсе 55,3 пайызы мал қыстақтарына, 6750 тоннасы немесе 33 пайызы жұртшылыққа жеткізілді. Қысқы мал азығын дайындауға ауданда 50 бригада және 168 ауылшаруашылық техникасы жұмылдырылды, — дейді ол.
Бүгінде жергілікті халықты мал азығымен қамтып отырған шаруа қожалықтарының бірі —
Ырғыз ауылдық округіне қарасты «Айтбай» шаруа қожалығы. Шаруашылық қазір бір бума шөпті 500-550 теңгеден сатып жатыр. Бұл баға басқа аудандарға қарағанда едәуір арзан.
— Біздің қожалық 2005 жылы құрылды. Содан бері мал шаруашылығымен айналысамыз. 2010 жылдан бастап ауданда алғаш болып малды асылдандыруды қолға алдық. Өкінішке қарай, бүгінде мал шаруашылығын дамыту үшін аумақта су жоқ. Ұңғыма қазғанымызбен су шықпайды. Қазір су тапшылығынан көп мал өсіре алмай отырмыз. Суы бар жерлерді бұрын басқа қожалықтар иемденіп алған, — дейді қожалық басшысы Нұран Айтбаев.
Қазіргі таңда шаруашылықта 500 қой, 100 шақты ірі қара бар. Сондай-ақ мал азығын дайындауға арналған 4 трактор, 3 косилка, шөп жинайтын пресс және «КамАЗ» жүк көлігі бар. Қазіргі кезде шөп шабу науқаны кезінде қожалықта 11 адам жұмыс істеп жатыр. Олардың барлығы — Әйтеке би ауданының тұрғындары. Жұмысшылар күні-түні тынымсыз еңбек етіп, шөпті жинап, Құрылыс, Ырғыз, Партизан ауылдарына тасып жатыр. Мұндағы тұрғындар арзан бағада әкелген шөпті ауласына түсіріп алуға асығуда.
— Биыл көрші Қызылода облысының Арал ауданында шегіртке көбейіп, шөп дұрыс шықпай жатыр екен. Содан Арал ауданының әкімдері көмек сұрап хабарласты. Олардың да өтінішін орындап, «КамАЗ»-ға тиеп, жөнелтіп жатырмыз. Қиын кезеңде қол ұшын берейік деп, оларға бір бума шөпті 400 теңгеден сатудамыз. Жалпы, биыл шөптің шығымы жақсы. Жоспарды толығымен орындап жатырмыз. Шөп шабатын алқапты қазір өзім барып қоримын. Әйтпесе далалықта иесіз жүрген жылқы көп. Полицейлерге айтсақ, олар да үйір-үйір жылқының кімдікі екенін білмейді. Соңғы жылдары біздің шаруашылықтың жеріне түсетін мал көбейіп тұр. Бізден басқа айналадағы басқа да жерлерді мыңдаған жылқы таптап кетіп жатыр. Бұлай бола берсе, 10-15 жылдан кейін Ырғыз өлкесінде шабатын шөптің қоры қалмайды. Бұрын шөп шабатын алқаптарға, мал жайылымына бұлай жылқыларды жібермейтін. Қазір тәртіп жоқ. Бұл — малдың қараусыз қалғанының салдары, — дейді шаруашылық иесі.
Шаруаның жайын білетін азамат ауданда мал жайылымының азаюы, судың жоқтығы, малдың қараусыз қалуы сияқты мәселелер шешімін күттіріп тұрғанын айтады. Жауапты органдар бұл мәселелерді дер кезінде шешпесе, кейін шаруашылықтар зиян шегуі мүмкін.

Айта кету керек, Нұран Айтбаев — сонау еліміз тәуелсіздік алған жылдарда облыста алғашқылардың бірі болып жеке кәсіп ашқан азаматтардың бірі. Негізгі мамандығы тау-кен инженері болса да, 20 жылдан бері жеке кәсіппен айналысып келеді. Келер жылы зейнеткерлікке шығады.
Қашан да туған жері мен ауылдастарына қолдау көрсетіп, ауданның ауыл шаруашылығы саласына өзінің үлесін қосып жүрген кәсіпкердің ісі — ауыл жастарына үлгі.

Данагүл ҚАЗИХАН,
Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button