Жаңалықтар

Мемлекеттік тіл — ұлт бірлігінің негізі

Семинар

Осындай атаумен қалалық Мәдениет сарайында Қазақстан халқы тілдері күніне орай семинар-кеңес өтті.   

Шараға тіл жанашырлары, қала әкімдігі жанындағы ономастикалық жұмыс тобының мүшелері, зиялы қауым өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна  Бисенғалиева мемлекеттік тіл саясатының жүргізілу барысына, оның ішінде маңызды да күрделі саналатын ономастика саласына тоқталды. Ономастика —мемлекеттік тілді дамытудың өте маңызды бағыттарының бірі. Бұл саладағы өзгерістің бәрі тіл саясатымен тығыз байланысты.

Жиында келтірілген деректерге сүйенсек, бүгінде қала бойынша 1 084 құрамдас бөлік (көше, шағын аудан, тұрғын үй алаптары) бар. 1 032 көшенің 835-і қазақша атаумен аталады. 60 көше атауының мән-мағынасы ескірген.

— Ақтөбе қаласы жылдан-жылға үлкейіп, іргесі кеңейіп, көшелері көбейіп келеді. Оның үстіне бау-бақша ұжымдарына тұрғын үй статусы беріліп, жаңа көшелер мен шағын аудандар саны да ұлғаюда. Қазір қалада 39 тұрғын үй алабы мен шағын аудан бар. Биыл 1 тұрғын үй алабының, атауы жоқ 20 көшенің және идеологиялық тұрғыдан ескірген, мән-мағынасы жоқ 15 көшенің атауы өзгертілді. Жаңадан берілген көше атауларын халыққа насихаттау мақсатында өткен жылдан бері «Біздің көше» жобасы іске қосылды.

Осы жылдың 8 айында Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жанынан құрылған мониторинг тобының мүшелері қала көшелеріндегі жарнама мәтіндері мен көрнекі ақпараттарды заң талаптарына сай рәсімдеу бойынша 1150 нысанға рейд жүргізді, — деді Гүлжайна  Бисенғалиева.

Ақтөбеде атауы қайталанатын 48 көше анықталған. Осындай мәліметтерді дер кезінде жаңартып, толықтырып, қайталама атауларды болдырмау мақсатында «Ақтөбе қаласының ономастикалық картасы» жобасы жүзеге асырылған.

Шарада көпшілікке аталған жоба  кеңінен таныстырылды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қалалық ұйымының төрағасы Нұрдәулет Алдашев «Жарнама мәтіндері мен көрнекі ақпарат арқылы қаланың имиджін қалыптастыру» тақырыбында, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нарқозы Қартжан қазіргі жастар өміріндегі әлеуметтік желілердің орны туралы баяндама жасады.

Шараның екінші бөлігі мерекелік марапаттау рәсіміне ұласты. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Әсет Оралбаев мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асуына,  мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға елеулі үлес қосқан бірқатар тіл жанашырлары мен х\алықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қалалық бастауыш ұйымының төрағаларына Алғыс хаттар табыс етті.

Мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button