Жаңалықтар

Наурыз сөздігі

Ұлыстың ұлы күні
Наурызды не себепті Ұлыстың ұлы күні деп атаған? Бұл жөнінде мынандай аңыз бар: Бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көк аспаннан түскен қасиетті қазаннан бірге дәм татады. Содан бұл күнді  Ұлыстың ұлы күні деп жариялайды.

Самарқанның көк тасы жібиді

Наурызда Самарқанның көк тасы жібиді деген сөз бар. Бұған қатысты бірнеше аңыз бар. Бір аңызда былай дейді: Самарқанда Әмір Темірдің лағылдан, яғни көк тастан жасалған тағы бар, яғни «Самарқанның көк тасы жібиді» деген сөз Наурыз күні «ханның да қаһары қайтып, көңілі жібиді» дегенді білдіреді дейді.
Кейбір зерттеушілер Самарқандағы Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген үлкен көк тасқа Ұлыстың ұлы күні күн сәулесі тікелей түскенде әлгі тас жібитінін айтады. Яғни жыл он екі ай тас қараңғы бөлмедегі көк тасқа дәл осы күні ғана саңылаудан күн сәулесі түседі екен.
Наурызда бір-біріне бұрынғы өкпе-реніштері бар адамдар төс қағыстырып, қайта достасады. Егер Ұлыстың ұлы күнінде өкпе-ренішін қия алмаса, «Сен тастан да қаттысың ба, бұл күні Самарқанның көк тасының өзі жібиді» деп наз айтатын болған.

Бақыт құсы

Өкпек есіп, қар ери бастағанда өзгелердің алды болып ұшып келетін жұдырықтай ғана жыл құсы бар. Оны қазақ наурызкөк, наурызек немесе көкқұс деп атайды. Кей жерлерде оны жылқышы құс деп те айтады және бақыт құсы қатарына қосады. Құсты бірінші көрген адам оны жақсылыққа балап, жем шашады, Наурызкөкті алғаш көргендер «Наурызкөгім келдің бе?» немесе «Наурызек, қайтып келдің бе, анаңның көзі жазылды ма?» деп сұрайды екен. Аңыз бойынша, мұндағы Наурызектің анасы — Жер-Ана. Яғни, Жер-Анаға көктем келді ме, табиғат жаңарды ма деген мағына береді екен.

Жеп-жеңіл ұшқалақтап тұратын кішкентай құс — Наурызкөктің құйрығы ұзын, түсі көк болады. Наным бойынша, Наурызкөк келгеннен кейін күннің қатуы сынып, айтарлықтай боран, суық болмайды екен. Әлемде бұл құстың 60 түрі бар көрінеді. Ол ұясын көбіне шөп арасына салады екен.

Наурызнама

Наурызнама  ойын-сауыққа арналған шат-шадыманды мереке. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға қалмай келіп, көңілді ойын-сауықтар өткізеді. Наурызнамада үлкендер жастарға бата береді, 3-9 күнге созылатын мерекеде халықтың ұлттық дәстүрі мен әдет-ғұрпы кеңінен орын алады.

Наурызнамада қыздар жігіттерге «ұйқы ашар» дайындайды. Ал бозбалалар божеткендерге сақина, сырға, айна, тарақ секілді заттарды тарту барысында «селт еткізер» дәстүрін ұйымдастырады. Қарттарға арналған «бел көтерерде» тіске жұмсақ, тілге майда тағамнан дәм тартылады. Бұл «наурыз көжеге» жалғасады.

Наурыз көже

Бұл — тек наурыз тойына ғана тән, барша жиналған жұртқа арналған мерекелік тағам. Аналарымыз қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға салады. Соғымға сойылған малдың басы немесе шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая қазанға түседі. Ет сорпасына көже қайнатады. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосады. Тұз бен суды қосқанда дәмнің саны тоғыз болуы тиіс. Түркі халқының ұғымында жеті мен тоғыз және қырық — киелі сандар. Сол себепті наурыз қасиетті тағам болып саналады. Оған қоса, ол — тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы.

Наурыз жыры

Халық ауыз әдебиетінде айтылатын жырдың бір саласы. Халық арасында оның түрлері өте көп тараған. Мәселен;
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар,
Ұлы кісіден бата алсаң,
Сонда олжалы жол болар… — деп жалғаса береді.

Наурыз бата

Батаның ішінде халық Наурыз батаға ерекше мән берген. Наурызнама өткізгендерге, «Наурыз көжеге» шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші палуандарға, тағы басқа өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары, көнекөз қариялар бата береді. Бата жалпы жұртшылыққа, көпшілікке, бүкіл қауымға, ауылға да беріледі. Мысалы:

Өркенің өссін!

Әр күнің Наурыз күніндей берекелі болсын!

Ұлың – оңға, қызың қырға қонсын!

Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол!

Айың тусын оңыңнан,

Жұлдызың тусын солыңнан,

Бақ берсін, Қыдыр дарысын!

Жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады. Наурызда алған батаның орны бөлек деп есептелінеді. Мұндай батаны «уыз бата» деп те дәріптейді.

Наурыз тілек

Әр адам өзіне, отбасына немесе жақын тума-туыстары мен дос-жарандарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек тілейді, бір-бірінің үйіне кіріп, дәм татады. Бұл тілек — достық көңіл мен тілектестіктің, адамгершіліктің белгісі, әр тойдың жарасты салтының бірі ретінде айтылатын болған.

Наурызтөл

Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар «наурыз төлі» деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, ерекше күтімге алынады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Мұндай малды көбіне өз қызығына, тойына, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді.

Наурызшешек

Наурызшешек —  Наурыз айында өсетін жапырақты, әдемі гүлді, қауашақты әсем өсімдік. Латынша «primula» деп аталатын наруызгүлдің ұзындығы 15-35 см шамасында болып келеді. 15-30 см шеңберде шоғырланып өседі. Наурызгүл қар ери салысымен бүр жарады. Толықтай гүлдейтін кезі сәуір-мамыр айларына тура келеді. Кейде оны әсемдік үшін үйде де өсіреді. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі кездеседі. Наурызшешек Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін бағалы өсімдіктер қатарында.

Наурызшешекті үзіп, жұлмаған. «Биыл біреуін үзсең, келесі жылы он гүл шықпай қалады» деген ырым бар ол туралы.

Наурызесім

Наурыз күні туғандарды халық бақытты, ерекше адамдар деп ұғынған. Сондай себеппен оларға Наурыз есімін берген. Мысалы, қазақ тарихында Наурызбай Құтпанбайұлы (1700 – 1781), Наурызбай Қасымұлы (1832 – 1847) атты әйгілі батырлар болған. Алтын ордада Наурыз есімді хан  (1859 – 60) болғаны тарихтан белгілі. Наурызгүл, Наурызбек, Наурызәлі деген адам аттары да жиі кездеседі.

Наурызша

Наурыз айында ашық күндері қолдан жасаған ою-өрнек секілді жұп-жұқа қиыршық қар түседі. Қырбақ,  қарайған жерді жасыра алмай, қылаулап жауған жұқа қар күн көзіне шашырап, жылтылдап құбылады. Ол жеңіл де үлпілдек болады. Мұны халық «наурызша» деп атаған. «Наурызша» — жаңа жылдағы жылылықтың белгісі.

Құс қанаты

Наурыздың ақша қарын кейде «Құс қанаты», яғни құс келер алдындағы қар деп те атайды. Көктем мен жыл басы наурыз айының соңына қарай жылы жақтан құстар келе бастағанында қар аралас жаңбыр жауып, суық жел тұрып, ауа райы күрт өзгерсе, қариялар «құс қанаты ғой, бұл» деп жатады.

Аласапыран

Құс қанатынан кейін, Наурыздың орта шенінен бастап өкпек жел соғып, қар күрт еріп, жер лайсаң тартады. Жыл мезгіліндегі аласапыран басталатын шақты «Аласапыран» деп атайды.

Бестоғынақтың бет жауары

Наурыз айының соңында шаруаға жайлы жағдай туғызар 5-10 күндік жауын-шашынды амалды «Бестоғынақтың бет жауары» деп атайды екен. Бұл ай – ит шуақ, кемпір шуақ, ескекті желді ай.

Саумалық

Наурыз айында жаңа жыл келіп, жер бусанып, күн күркіреп, жаңбыр жауып, көк дүркірегенде, ауыл адамдары далаға шығып саумалық айтып, қуанышты көңілмен жақсы тілек тілейді. Оны өлеңмен айтады:

Саумалық, саумалық,

Наурызшаның көк құсы,

Ұйқыдан көзін ашты ма?

Саумалық, саумалық,

Самарқанның көк тасы,

Жібіді ме көрдің бе?

Саумалық, саумалық,

Ескі жылы кетіп, жаңа жыл келді.

Ескі жыл есіркей кет,

Жаңа жыл жарылқай кел, —

деп бір ескі ыдысты сындырып, «жамандық кетсін» деп ырым жасайды.

Мұхаррам (тыйым)

Мұхаррам – араб тілінде «тыйым салынған» деген сөз. Ертеде Шығыс елдері Наурызды «мұхаррам» деп атаған. Оның мәнісі: қасиетті айда табиғатты ластауға, тәртіпсіздікке, ұрлыққа, ғайбат сөзге, ішімдікке тағы басқа жағымсыз істерге тыйым салынған. Демек мұсылман елінде наурыз әдептілік, адамгершілік, пәктік сияқты асыл қасиеттерді дарытатын, дамытатын, ұлықтайтын күн есебінде ерекшелінген.

Қызыр түні

Наурызда түнгі даланы адамдарға бақ-дәулет дарытатын Қызыр баба аралайды деген наным бар. Сондықтан ертең Наурыз деген түні әрбір шаңырақ үйінің төріне шырақ жағып, Қызыр баба түнін күзетіп, тілек тілеген. Бұл түні оты маздап, жарығы жанып тұрған үйге Қызыр бабаның мейірі түседі, көз қырын салады, назарынан тыс қалмай, сол үйге құт-береке қонады деп сенім білдірген.

Әз

«Әз болмай, мәз болмайды» деседі. Халқымыздың ертедегі таным-нанымы бойынша күн мен түн тепе-теңдікке жеткен кезде жер-көкті жарып бір ғажайып гуіл естіледі. Оны халық жан-жануар ішінде қой ғана сезеді деп есептеген. Сол үнді «әз» дейді. Наурыз күні күннің алғашқы сәулесіне маңдай тосып, шұғыласына бөленсе, адамның ойына күш-қуат тарайды дейді.

Және осы күні барлық жаратылыстың, оның ішінде адамның бойында ерекше бір қасиет болады деп есептеген. Сол себептен Ұлыстың ұлы күні әркім өзін жаман әдеттен аулақ ұстағаны жөн.

Наурызға қатысты тыйымдар

Наурыз мейрамында мал сойылмайды, жалпы қан шығармайды. «Өсер төлге, көбейер малға кесірі тиеді, мал басы кемиді» деген тыйым бар. Сонымен бірге Наурыз күні шаш, тырнақ алмайды. Өйткені адамның қара тырнағынан бастап, шашына дейін жаңарып, түлейді. Наурыздың бірінші күні, яғни Ұлыстың ұлы күні кір жумайды, құрылыс бастамайды, іс тікпейді, мылтық атпайды, қақпан құрмайды, тұзақ салмайды.

Ертеде ұлыстың ұлы күнінде жұрт жұмыс істемейді, іс бастамайды, сапарға шықпайды және ешкімді ренжітпей, дауыс көтеріп жаман сөз айтпайды, сондай-ақ құран оқып, құрбандық шалмайды деп есептеген. Себебі бұл күн – тіршілік әлемінің тойы деп ерекше құрметтеледі.

Наурыз күнгі амандасу

Наурыз күні бір-бірін көрген адамдар әдеттегіден гөрі ашық-жарқын, мерекелік көңіл күймен жақсылықтар тілеп, амандасады. «Ұлыс оң болсын, қайда барсаң, жол болсын!», «Ұлыс береке әкелсін!», «Наурыз құтты болсын!», «Қызыр дарысын, бақ қонсын!», «Ұлыс береке берсін, пәле-жала жерге енсін!», «Ақ мол болсын!», «Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар, айдан-аман, жылдан есен өтейік» деп жатады.

Наурыз жұмбақ

Наурыз айындағы табиғат құбылыстарына, амалдар мен тоғыстардың, ауа райының өзгеруіне байланысты айтылатын жұмбақ өлең.

Үт кірді,  үйге құт кірді!

Көне жұлдыздық есепте наурыз айын «үт» деп те атаған. Осы айда ауа райының жылынатынына байланысты, «үт кірді, үсік шықты»  деп айтатын болыпты.

Кейде үтті жабықтан түскен күн сәулесінен көрінетін тозаңды да үт деп атаған. «Үт кірді, үйге құт кірді» деген мәтел осыдан қалған.

Алтынкүрек

Алтынкүрек дегеніміз —  батыстан соғатын жылы жел, көктем лебі. Ол қар мен мұзды ерітеді, тоңды жібітеді, суық ауамен араласа отырып, оның ызғарын сындырады. Ал алтынкүректен соң жер бетінен қылтиып бәйшешек көрінеді.

Бұл жел жер бетіндегі қар мен мұзды бес-алты сағаттың шамасында түгелдей ерітетіндіктен, яғни, қыс бойы адам күрекпен күреп тауыса алмаған қарды бір өзі «күреп» тауысатындықтан, халқымыз оны «Алтынкүрек» деп атаған.

Дайындаған Мейрамгүл Рахатқызы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button