Жұртымызды ел тыныштығын бағалай білуге, сақтай білуге шақырамын — Қасым-Жомарт Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, барлық қиындықты жеңеміз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
— Ұлы Абай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп бекер айтпаған. Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы қажет. Қазіргі бұлыңғыр заманда ең басты міндет — еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту. Ол үшін бірлігіміз бекем болуы керек. Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты жеңеміз. Кез келген кедергіден өтеміз. Сондықтан жұртымызды ел тыныштығын бағалай білуге, сақтай білуге шақырамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Мемлекет басшысы мәлім еткендей, әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуы керек.
— Бүгінде патриотизм деген сөздің сипаты, мазмұны өзгеріп жатыр. Бұрын бұл ұғым негізінен дәстүрлі құндылықтармен өлшенетін, тіл, мәдениет, руханият мәселесі ұлттық мүдденің өзегі ретінде саналатын. Әрине, бұл дұрыс, әрқайсысы ұлт болмысының арқауы. Оны бізден ешкім тартып алмайды, оған алаңдауға еш негіз жоқ, — деп толықтырды Президент.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құру қажеттігі туралы бастама көтерді.



