Жаңалықтар

Сыйлық және сыйластық

Мереке қарсаңында нәзік жандарға ілтипат білдіріп, сыйлық жасап қуантқан бір ғанибет. Алайда адамның жаратылысы әрқилы екенін ескерсек, олардың  көңілін табу қиын. Бірі әшекей бұйымдарды қаласа, екіншісі бағалы заттарды, үшіншісі гүл шоқтарын сыйлағанды ұнатады. Дегенмен қандай сыйлық болмасын, ақ жүрекпен тарту етілсе болғаны. Сондықтан мереке күндері бір-біріңізді қуантуды ұмытпаңыз.

Аруларға қандай сыйлық ұсынасыз?

Әйелдердің табиғаты нәзік болғандықтан, олар көп жағдайда  сыйлыққа гүл алғанды жақсы көреді. Алайда сіздің сыйлаған гүліңіз тез солып қалатын болғандықтан, сыйлық бергеніңіз де тез ұмытылып кетеді. Сондықтан құмырада өсіп тұрған гүл сыйлағаныңыз жөн. Себебі, ол гүлге көзі түскенде  немесе оған  су құйған сайын сізді есіне алады.

Жалпы, кез келген гүлді сыйлағанда, сырт көзбен оның түсіне, сабағының ұзындығына, гүлдерінің пішініне қарау керек. Ақ түсті гүлдер адамның көңіл-күйін көтереді, сары түсті гүл – жылу мен жарықтың белгісі, күлгін түс — кеңдік пен сенімділікті, қызыл түс мерекелік көңіл күйді сипаттайды. Тұрмыс құрмаған жас қыздарға гүлі әлі толық ашылмаған, жұпар иісі бар, сары немесе күлгін түсті раушан, меруертгүл, ақ түсті бақытгүлін сыйлайды. Жас келіншектерге гүлі толығымен ашылған, алқызыл түсті раушан, баршынгүл, қызғалдақ, ашық түсті қалампыр, бақытгүлін, нарғызгүлін сыйлайды. Алайда бұндай гүлдерге қол жеткізе алмасаңыз, кез келген гүлді ұсынуға болады.

Сондай-ақ әйелдерге үй шаруасына қажетті заттарды, яғни электро-техникалық құрал-жабдықтардан бастап, ыдыс-аяқты сыйлауға болады. Алайда үй шаруасына қажетті заттарды сыйларда  оны үй жинау үшін алғаныңызды, әйеліңіздің осы жұмыстарды атқаруға тиісті екенін айтып, өкпелетіп алмаңыз.  Ал әйелдің өміріне романтикалық өзгерістер енгізгіңіз келсе, әдемі иіс су, қас, қабақ, көз және  бетті әрлейтін парфюмерия сыйлағаныңыз дұрыс.

Кез-келген әйел, күміс, алтын бұйымдарға әуес. Егер қалтаңыз көтерсе, бұндай бұйымдар оларды үлкен қуанышқа бөлейді. Зергерлік заттарды әйелдің жасына сәйкес сыйлайды. Мереке қарсаңында нәзік жандарға қымбат, әрі әдемі мата сыйлауға болады. Ал әдемі әмиянға ақша салып берсеңіз тіпті жақсы.

Шет елге сыйлық жіберсең…

Мереке қарсаңында шет елде тұратын досыңызды, сүйіктіңізді немесе танысыңызды қуантқыңыз келсе, алдымен қандай сыйлық жасау керектігін әбден ойланып алыңыз. Мәселен, кез келген жағдайда және әр түрлі мерекеде  сыйлауға болатын әмбабап үш зат бар: әдемі қораптағы шоколад, гүл шоғы және сырты оралған ішімдік. Сондай-ақ сыйлық сырт елге жіберілетін болғандықтан мына жайларды ескеріңіз.  Сіздің сыйлығыңыз міндетті түр­де ке­деннен өтеді, сол себепті сыйлық тым үл­кен, ауыр және ұшақпен алып жүруге тыйым салынған зат болмауы керек. Ұлттық кәдедегі сыйлардан да ау­лақ болғаныңыз жөн. Өйткені танысыңыз біздің ел­де жұмыс істесе, мұндай сыйлық онда көп болуы мүмкін. Және досыңыз тұратын елдің ұлттық салт-дәстүрін зерттеп алғаныңыз артықтық етпейді.  Мәселен, Ұлы­бри­тания халқы  іскерлік қарым-қатынас кезінде  сыйлықтың аса қымбат болғанын қаламайды. Сондықтан күнтізбе, фирмалық қаламсап, темекі тұтатқыш се­кіл­ді сыйлықтар ғана орынды деп есеп­те­леді. Германияда да қымбат сыйлыққа үр­ке қарайды, олар оны пара беру деп қа­был­дауы ықтимал. Грекияда бет орамалды ажырасу мен қайғырудың белгісі ретінде қабылдайды. Ал қытайлықтарға сағат сыйлауға бол­майды. Өйткені ол өмірдің қысқарып бара жатқандығын еске салады. Латын Америкасында сыйға тартылған пышақ қарым-қатынасты үзуді білдіреді. Фран­ция­да портрет сыйламайды. Себебі ол — ұрыс-керістің белгісі. Жалпы, заң бойынша шенеуніктер мен үкіметтегі адамдарға қымбат сыйлық жасауға болмайды. Заңда оларға берілетін сыйлықтың сомасы шек­теліп көрсетілген. Егер сіз заңда бел­гі­ленген сомадан қымбатырақ сыйлық сыйлап қойсаңыз, пара беруші болып шы­ға келуіңіз ықтимал
Сыйлықты қалай ұсынып, қабылдау керек

Сыйлықты қалай ұсынсаң, сондай әсер қалдырады. Сыйлық қаншалықты қымбат болғанымен, оны қалай болса солай, немқұрайды ұсына салса, ол ешкімді де қуантпайды. Ал көтеріңкі көңіл күймен, ізгі тілектермен, ыңғайын келтіріп, орынды жерінде берілген сыйлық иесін ерекше шаттандырады. Алыстағы адамға сыйлықты сәлемдеме ретінде басқа бір қатынаған кісіден де беріп жіберуге болады. Мұндай жағдайда хат жолдап, құттықтау айтқан жөн. Тек жақын жерде тұратындардың сыйлықты біреуден беріп жіберуі реніш туғызуы мүмкін.

Сыйлықты кешіктірмей жеткізеді. Оны ұсынғанда құндылығын айтудың қажеті жоқ.

Кейбіреулер берілген сыйлықты қонақтар кеткен соң ашып қарайды. Өзгелер сыйлықты алысымен ашып, оны берген адамға ілтипатын айтып жатады. Қонақ қуаныш иесінің көңілінен шығу үшін уақытын бөліп сыйлық іздеп, таңдап, әуреленгендіктен, өзіне жылы лебіздерді білдіргенін, сыйлығын құрметпен қабылдағанын қалайды. Сол себепті сыйлықты ашып көрудің айыбы жоқ.
Сыйлық талғамыңнан шықпаса да, оған ренжімеуге, күлімсіреп қабылдауға, алғыс айтуға тиістісің. Сыйлықты немқұрайды қабылдауға, бағасын сұрап, басқа сыйлықтармен жұрт көзінше салыстыруға, пайдалы, пайдасыз екенін айтуға болмайды. Сыйлықты қайтып беру де  — әдепсіздік, оны ұсынушыны сыйламаушылық. Сыйлық әкелмеген қонақтарды сөкпейді, оларға да басқалар-мен бірдей құрмет көрсетеді. Үлкен тойларда тілек айтқаннан кейін сыйлықты арнайы мүйістегі стол үстіне қойып, оған аты-жөні, тілегі жазылған құттықтау открыткасын қыстырады. Сыйлық біреу арқылы жіберілген болса, телефон шалып рахмет айту керек.

Үйлену және сыйлық

Үйлену тойында сыйлық беру — қай халықта да қалыптасқан дәстүр. Алайда ол әр елде әрқилы.

Кения, Танзания елдеріндегі  масай деген халықта үйленетін жігіт болашақ жарының аяғының астына өзі аулап өлтірген арыстанның терісін тастайды және  балалары батыл болып өссе деген ниетпен алғашқы неке түнін соның үстінде жатып өткізеді.

Жапонияда күйеу жігіт пен қалыңдық атастырылмас бұрын бір-біріне ақшалай сыйлық береді. Қонақтар құнды сыйлықтар әкеледі, оның сыртында конвертке ақша салып, жас жұбайларға тарту етеді.

Кипр аралдарында жас жұбайларға сыйлық әкелгендердің бәрі тойға шақырылған болып есептеледі. Олар да конвертке салып ақша сыйлайды.

Ал Польшада күйеу жігіт қалыңдығының басындағы ақ желегін өз қолымен шешкен кезде тойға жиналғандар оларға ақша лақтырады.
Венгрияда күйеу  жігіт қалыңдығына ақша салынған кішкентай сөмке сыйласа, қалыңдығы жауап ретінде оған үш немесе жеті бет орамал ұсынады.

Малайзия халықтарында той қарапайым өтеді. Күйеу жігіт қалыңдығына сыйлық ретінде тамақ салынған поднос береді және жан-жануардың мүсінін немесе гүл мен ақша тарту етеді. Қонақтар байлықтың нышаны ретінде сыйлықтарымен бірге піскен жұ-мыртқаны қоса тапсырады.

Еврейлердің үйлену тойында екі жақтың ата-анасы  жас жұбайларға міндетті түрде қасиетті кітап — Тауратты сыйлайды. Күйеу жігіт қалыңдыққа әр түрлі сәндік заттар сыйлайды. Бірақ оны  қалыңдыққа беріп жіберерде күйеу жігіттің қасында ешкім болмауы тиіс. Ал қалыңдық болашақ күйеуіне «үлкен талит» (құлшылыққа қажет төсеніш) жібереді.

Германияда қонақтар жас жұбайлардың жүретін жолына шырша бұтақтарын төсеп, сыйлыққа қолорамал алады. Дәстүр бойынша қонақтар тойдан қалған дәмді осы орамалға орап алып кетеді.

Қытайда тойға дайындықтың алғашқы сатысы, яғни юэдин кезінде күйеу жігіт қалыңдықтың ата-анасына қымбат сыйлық жібереді. Құда болуға уағадаласқаннан кейін қалыңдыққа шай, сырға, білезік, алтын тиындар тарту етеді. Арнайы қызыл қорапшаға салынған күріш, тұз, шарап жіберіледі де оның жартысы қайтадан күйеу жігітке жөнелтіледі. Той болатын күні күйеу жігітке бұршақтың екі дәні сыйға беріліп, ол оны суға салып, артынан жеп қояды. Күйеу жігіттің отбасы той алдында қалыңдыққа той көйлегін, қосымша керек-жарақтарды, күріштен, бидайдан жасалған тандыр нан жібереді. Той үстінде көп сыйлық беріледі.

Интернет материалдары бойынша әзірлеген Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button