Жаңалықтар

Аймақтың рухани бренді

«Аймақты әнмен тербетіп» фестивалі — Ырғыздың рухани брендіне айналған өнер мерекесі.

1997 жылы Ырғыз жерінде алғаш рет шымылдығын түрген «Аймақты әнмен тербетіп» атты өнер фестивалі бүгінде елімізге кеңінен танылған дәстүрлі мәдени шараға айналды. Бұл — ән мен күйдің, терме мен төкпе жырдың бәйгесі ғана емес, жас өнерпаздардың бойындағы талантын ұштап, рухани жолын айқындайтын шығармашылық алаң.

Алғашқы фестиваль шілде айында Ырғыз ауылындағы «Жігер» спорт кешенінде өткен. Сол жылы-ақ Қостанай, Қызылорда және облысымызға көршілес аудандардан келген өнерлі жастар эстрадалық ән мен терме жанрында бақ сынасып, тыңдаушылардың жүрегіне жол тапты.

2001 жылдан бастап күй жанры фестивальдің құрамына еніп, шеберлігімен ерекшеленген екі өнерпаздың ақтық күй айтысы көрерменге ерекше әсер сыйлайтын дәстүрге айналды. Ал 2018 жылдан бері бұл өнер додасы ресми түрде республикалық деңгейге көтеріліп, еліміздің әр түкпірінен дарынды жастардың басын қосатын үлкен мәдени оқиға ретінде танылды.

Фестивальдің ерекшелігі — эстрада жанры бойынша берілетін бас жүлде иегерініңТемірбек Жүргенов атындағы арнайы сыйлықпен марапатталуы. Бұл — тек жүлде  емес, ұлт руханиятына деген ілтипат, тарихи тұлғаларға көрсетілген тағзым.

1997 жылдан бергі аралықта фестиваль сахнасында Марат Мұқашев, Ақылбек Бердалиев, Еркеназ Отарова, Ербол Ақбасов, Ермек Айсынов сынды көптеген өнер иелерінің жұлдызы жарқырап жанды. Олар бүгінде еліміздің мәдениет саласында еңбек етіп, өз өнерімен жұртшылықты қуантып жүр.Кей жылдары, атап айтқанда, 2020-2021 жылдары пандемияға, ал 2024 жылы су тасқынына байланысты фестиваль өткізілмеді. Десе де бұл үзіліс шараның құндылығын төмендеткен жоқ. Керісінше, өнер фестивалін халық сағына күтетін рухани мерекеге айналды.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button