Алтын ордадағы әдемі гүлзар

Ақтөбелік кәсіпкерлер шаһар басшысы Азамат Бекеттің қаланы абаттандыруға үлес қосу туралы үндеуі аясында бос жатқан аумақтарға шағын аллеялар мен гүлзарлар салып жатыр.
Соның бірі — Алтын Орда шағын ауданындағы «Мәңгілік ел» гүлзары. «Зерде керамика Ақтөбе» компаниясы Мәңгілік ел және Мұстафа Шоқай көшелерінің қиылысындағы бос жатқан учаскені шағын гүлзарға айналдырды.
Өткен жылы күзде бұл аумаққа қарағай егілген болатын.
Серіктестік басшысы Ерлан Тілеуқабыловтың айтуынша, гүлзар барлық талапқа сай жабдықталған. Тұрғындардың алаңсыз қыдырып, жайлы демалуына қажет жағдай жасалған. Қазір суару жүйесін тартуды, брусчатка төсеуді, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін, заманауи түнгі жарықтандыру шамдарын орнатуды қолға алды.
Қаламыздың ажарын ашатын «Мәңгілік ел» гүлзары тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналары сөзсіз. Жаңа гүлзардың құрылысы биыл қыркүйек айының ортасында аяқталмақ.
А.ҚАЛДЫБЕК.



