Жаңалықтар

Жаңарған мекен

Полиция

Темір ауданының орталығы — Шұбарқұдық кентінде полиция пункті пайдалануға берілді.
Қызылжар шағын ауданындағы жаңа нысан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Жергілікті бюджет қаржысына алынған ғимарат материалдық-техникалық құралдармен жабдықталып, №1 учаскелік полиция пункті ретінде жұмысын бастап кетті.
— Құрылысы біткен, дайын ғимаратты 15 миллион теңгеге сатып алдық. Артынша полицейлерді қажетті техника, жиһаз, өзге де керек-жарақпенқамтыдық. Қазір енді ғимараттың жан-жағы абаттандырылып, сондай-ақ автотұрақ және жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр.
Мұнда 6 учаскелік инспектор мен 3 полиция инспекторы қызмет ететін болады. 5 бөлмелі шағын ғимаратта жасөспірімдер арасындағы қылмысты ашуға, оны болдырмауға күш салынады. Жалпы, жаңадан ашылған полиция пунктіне кез келген азамат өз мәселесін дер кезінде жеткізіп, жедел көмек ала алады. Бұл — ауданымыздағы құқықтық тәртіпті нығайтуға жасалған маңызды қадам, — дейді Шұбарқұдық кентінің әкімі Бағдат Сауытов.
Оның айтуынша, кентте ұзын саны 70-ке жуық полицей бар.
Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Алмас Жақсылықов Кеңқияқ ауылдық округінің жеке тұрғын үй аумағын шарпыған өрт кезінде жедел әрекет етіп, батылдық пен ұйымшылдық танытқан, тұрғындарға көмек көрсеткен полиция қызметкерлерін марапаттады. Ол қиын сәтте аянбай еңбек еткен тәртіп сақшыларының ерлігі баршаға үлгі екенін атап өтті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.
Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button