Отбасы тыныштығы үшін…

Қолдау
Өңірде 27 тамыз – 10 қыркүйек аралығында «Бақытты отбасы — бақытты ел» атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Іс-шараның мақсаты — қоғамдағы отбасының рөлін нығайту, отбасылық кикілжіңдердің алдын алу, құқықбұзушылықты болдырмау.
Шара барысында қиын жағдайға тап болған отбасыларға мемлекеттік мүдделі органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қолдау көрсетті. Олар тұрғындардың әлеуметтік-құқықтық тұрғыдағы көкейкесті сұрақтарына жауап берді.
Жедел – профилактикалық іс-шараға қала әкімдігі жанындағы әйелдер істері отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, Отбасын қолдау орталығы, Аналар кеңесі, «Аққу», «Ана үйі» қоғамдық қоры, дағдарыс орталығы, «Дәріс» ақпараттық кеңес беру орталығының мамандары қатысып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кеңес берді.
Ақтөбе қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Айымгүл Тукешованың айтуынша, өткен жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік заң жүзінде күшейтілді. Қазір елімізде отбасындағы кикілжіңдердің алдын алу мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
— Жыл басынан бері қала бойынша әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетуге қатысты 3194 хабарлама келіп түскен. Қайтамала шағымдар саны — 300. Жәбірленушінің шағымы бойынша арыздармен инспекторлар жұмыс істейді. Олар ішімдікке салынып, отбасы мүшелеріне зәбір көрсететіндердің тәртібін қадағалайды. Осы уақыт ішінде жәбірленуші тараптан түскен арыздар негізінде 2433 қорғау нұсқамасы шығарылып, 329 адамға ерекше талаптар қойылды, — дейді ол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.






