Сушиден ұшынғандар бактерия жұқтырған

Анық-қанық
Ақтөбеде жапон асханасының өнімдерін дайындайтын тамақтану орны санитарлық талапқа сай болмай шықты. Суши жеген сегіз адам ауруханаға түскен соң, эпидемиолог мамандар жапон асханасына тексеру жүргізген болатын.
Нәтижесінде дайын тағам жеткізумен айналысатын нысан санитарлық талапты мүлде сақтамаған болып шықты. Тамақтану орнында жұмыс істеген қызметкерлер медициналық тексеруден өтпеген. Мамандар пышақ, үстел мен контейнерден алынған сынамадан зиянды бактерияны анықтаған. Тексеруден соң үш аспаз жұмыстан босатылыпты. Тағы алты жұмысшы қызметінен уақытша шеттетілген. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Аяғанованың айтуынша, зертханалық тексеру қорытындысы құқық қорғау органдарына жолданған.
— Жүргізілген зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша үш аспаздан патогенді стафилококк және 3 дайын тағамнан, яғни «Цезарь», «Америка», «Каппа макиден» патогенді стафилококк aures бактериясы анықталды. 3 аспаз стафилококк бактериясын тасымалдаушы болып отыр, — деді Индира Аяғнова.
Еске салайық, осыдан он күн бұрын сушиге тапсырыс берген сегіз адам астан ұшынып, ауруханаға түскен еді. Қызуы көтеріліп, құсып, жедел жәрдем қызметін шақыртқандардың екеуі — бала.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



