SMS-хабарламалар — заңды ескерту әдісі

Әскерге шақыру
«Енді SMS-хабарлама арқылы жеткізілген әскери шақырулар ресми түрде заңды ескерту әдісі болып есептеледі. Медициналық комиссиядан әдейі жалтарған немесе келмеген азаматтарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Бұл — «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие, әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның талабы». Осы және жаңа заң аясындағы өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ әскерге шақыру туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «2025 жылғы күзгі мерзімді әскерге шақыру науқаны» тақырыбындағы брифингте жан-жақты айтылды.
Іс-шараға облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Әділет Отарбаев пен оның орынбасары, полковник Мирамбек Сақып және Ақтөбе қаласы Астана және Алматы аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының бастығы Ардақ Құмаров қатысты.
— 16 шілде күні Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Заңға қол қойғаны белгілі. Жаңа заң аясында бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Әскери есепке алу және әскерге шақыру процестері толық цифрландырылады. Әскерге шақыру туралы хабарламалар SMS және eGov порталы арқылы жіберіледі. Келген шақыртуды елемеген жағдайда Қазақстан Республикасы әкімшілік заңнамасына сәйкес шара қолданылып, айыппұл тағайындалады, — деді Әділет Отарбаев.
Қазір Мемлекет басшысының Жарлығына және Ақтөбе облысы әкімдігінің қаулысына сәйкес облыс бойынша 2025 жылғы күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүргізілуде.
— Әскерде қызмет ету — жас азаматтардың тұлға ретінде қалыптасуына, өмірлік маңызды тәжірибе жинақтауына және болашақта табысты мансап жолын бастауына мүмкіндік береді.
1 қыркүйек пен 30 желтоқсан аралығында шамамен 1 200 жас әскер қатарына шақырылады. 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар Қарулы Күштердің, Ұлттық ұланның, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Мемлекеттік күзет қызметінің қатарын толықтырады.
Әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-ΙV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес жүзеге асырылады және 18 бен 27 жас аралығындағы, денсаулығы жарамды, кейінге қалдыру құқығы жоқ азаматтарды қамтиды, — деді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы.
Әскери қызметке шақыру науқаны заң талаптарына сай, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін ескере отырып жүргізіледі.
Шақыру туралы хабарлама бойынша азаматтардың келмеуінің дәлелді себептері: адамды келу мүмкіндігінен айыратын сырқат; жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) қайтыс болуы; дүлей зілзалалар, адамды белгіленген мерзімде келу мүмкіндігінен айыратын өзге де себептер; неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу; Қазақстан Республикасынан тысқары жерде болу.
Брифингте мерзімді әскери қызметшілерге берілетін жеңілдіктер туралы да айтылды.
— Жастардың әскерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында ауқымды шаралар қолға алынды. Мысалы, несиесі бар мерзімді қызмет сарбаздары «несиелік демалыс» деп аталатын үзіліс алады, әскери қызмет ету мерзімі барысында төлеу 14 айға кейінге қалдырылады.
Сондай-ақ қызметін аяқтаған сарбаздар ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ ақылы негізде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемесіне түсу құқығына ие болады.
Мерзімді әскери қызмет кезеңінде жауынгерлік даярлықта жоғары нәтижелерге қол жеткізген үлгілі жауынгерлерге ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ жоғары оқу орнында тегін оқу құқығы беріледі, — деді Әділет Отарбаев.
Жиында Ақтөбе қаласы Астана және Алматы аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының бастығы Ардақ Құмаров та сөз алды.
— Биылғы әскерге шақырудың жаңа тәртібі күшіне енді. Шақыруды кейінге қалдыру тәртібі өзгерді. Енді азаматтар білім алу үшін әскери шақыруды кейінге қалдыруды әр білім деңгейіне сәйкес тек бір рет қана беріледі. Яғни бір рет колледжде, бір рет университетте, бір рет магистратурада, бір рет докторантурада оқығаны үшін ғана әскерге бармайды. Егерде бір колледжді бітіріп, екіншісіне қабылданса, бұл оның әскерге бармауына негіз бола алмайды. Басқа оқу деңгейлеріне де осы талап қойылады, — деді Ардақ Құмаров.
Айта кету керек, жаңа заң бойынша жастарды көшеден немесе қоғамдық орындардан мәжбүрлеп ұстап алып, әскерге әкетуге тыйым салынған.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



