Хромтауда жел электр станциясы іске қосылды

Энергетика
Хромтауда еліміздегі ірі «жасыл» энергетика жобаларының бірі — жылына 150 мегаватт қуат өндіретін «Хромтау» жел электр станциясы іске қосылды. Жобаның ашылу салтанатына облыс әкімі Асхат Шахаров пен ERG Директорлар кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов қатысты.
Жел электр станциясы Дөң кен байыту комбинатына жақын маңға салынды. Болашақта жылына 500 миллион КВ/сағ-тан астам электр қуатын өндіретін жобаны Eurasian Resources Group (ERG) іске асырды. Сондай-ақ станция жыл сайын атмосфераға шығатын 440 мың тоннаға дейін көмірқышқыл газының алдын алып, 300 мың тоннадан астам көмірді үнемдеуге мүмкіндік береді. Жалпы 2024жылдың желтоқсанында Хромтау жел электр станциясының алғашқы екі қондырғысы электр қуатын өндіре бастаса, биыл бірінші қаңтарда алғашқы миллион КВ/сағ қуат берді. Бүгінде 24 трубинаның барлығы қондырылып болды. Салтанатты шарада облыс әкімі Асхат Шахаров аталған нысанның ел экономикасы үшін маңызына тоқталды.
— Елімізге инвестиция тарту — Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған басты міндеттердің бірі. Ақтөбе облысы — инвестицияларға, инновацияларға және заманауи өндірістерге әрқашан ашық, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан өңір. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, өңірде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жыл басынан бері 590,1 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 52,7 пайызға артты. Бұл көрсеткіштер өңірдің жоғары инвестициялық әлеуетін және бизнес тарапынан сенімнің артып отырғанын айқын дәлелдейді. Ал «Хромтау» жел электр станциясы жобасын жүзеге асыру аясында 25 жаңа жұмыс орны ашылады, — деп атап өтті өңір басшысы.
Ал ERG Директорлар кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов аталған жоба туралы айтты.
— Бүгін ERG-ның алғашқы жел энергетикасы жобасы Ақтөбе облысында іске қосылып отыр. «Хромтау» жел электр станциясы — жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру қамындағы ұлттық мақсатқа қосқан елеулі үлесіміз. Жобаны ERG Capital Projects компаниясы Қазақстанның Даму Банкінің қаржылық қолдауымен іске асырды. Құрылысқа құйылған инвестиция көлемі 74 миллиард теңгеден асты. ERG әрқашан ESG қағидатына сүйеніп жұмыс істейді. Әлемде жоғары сапасымен танылған хром кенін экологиялық тұрғыдан таза өндіре отырып, бұрынғыдан да бәсекеге қабілеттірек етуге тырысамыз. Осылайша ERG металлургияны болашақтың ажырамас бөлігіне айналдырады, — деді Шухрат Ибрагимов.
Сондай-ақ жобаны қолдаған қытайлық серіктестіктер де жылы лебізін білдірді. Ал Қазақстанның Даму Банкі басқарма төрағасының орынбасары Ли Владимир банк еліміздегі жаңартылатын энергетика саласындағы, оның ішінде «жасыл» экономиканың негізін қалайтын ауқымды жобаларды қаржыландыруға басымдық беретінін айтты.
Жалпы, ЖЭС — ERG-ның маңызды тармағы. Енді компания энергетика дивизионына кіретін болады.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



