Жаңалықтар

Жеңімпаздар анықталды

Baqytty bala — 2025

Ақтөбеде бірнеше күн бойы өткен «BAQYTTY BALA — 2025» байқауы өз мәресіне жетті. 11-16 жастағы өнерпаздар қатысқан ән додасының жүлдегерлері анықталып, гала-концерт ұйымдастырылды.

Алдын ала тыңдаудан сүрінбей финалға өткен 19 әнші Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның сахнасында екі ән (бірінші кезеңде ана тілінде, екінші кезеңде әлемдік хитті) орындады. Байқауда тек дауыстың күшін ғана емес, ән айту стилі, киімі, әнді жеткізу еркіндігі, шынайылығы бағаланды. Қазылар алқасының төрағасы — әлемге танымал баритон, көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы Борис Стаценко: «Әнде жан болуға тиіс, жансыз ән болмайды», — деп атап өтті.
Негізі, бұл жоба 2018 жылы Балалар жылы аясында облыс әкімдігі мен мәдениет қайраткерлерінің бастамасымен қолға алынған. Әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген мен «DIMASHALI» продюсерлік орталығы жобаға қолдау көрсетіп келеді. Димаштың ата-анасы — Светлана мен Қанат Айтбаевтар әр жыл сайын байқауға қатысады. Светлана Ермекқызы биыл да қазылар алқасының құрамында болды. Қазылар алқасының құрамында сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал режиссер Қарлығаш Ажиева, «Дауыс» ансамблінің жетекшісі және Ақтөбе филармониясының әншісі Аллаберген Жақсыбаев, 2025 жылғы «Славян базары» байқауының Гран-при иегері Алмагүл Батталиева болды. Олар әр қатысушыға жеке-жеке тоқталып, өз бағасын берді. Кейбіріне «дауыспен жұмыс істеу қажеттілігі айтылса, басқаларына «дем алуды дұрыс меңгеру керек» деген кеңес берілді.
Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлде Беларусь елінен келген София Рустамоваға бұйырды. Оның жоғары деңгейдегі вокалдық шеберлігі мен артистизмі қазылар алқасы тарапынан ерекше бағаланды.
— Жақын адамдар ғана барлық қобалжуды сахна артында тұрып сезінеді. Біз қонақжайлық пен достық үшін өте ризамыз. Баламның шығармашылығын жоғары бағалағандарыңыз үшін алғыс айтамыз, — деп атап өтті Гран-при иегері София Рустамованың анасы. Ал жеңімпаздың өзі қуаныштан көз жасына ерік берді.
Бірінші орынға Ресейдің Ижевск қаласынан келген Кирилл Усев ие болды. Екінші орыннан үш қатысушы — София Фадеева (Қазан, Татарстан), Мирас Нағашыбай (Алматы), Мөлдір Әбдірова (Ақтөбе) бірдей көрінді.
Байқауға тек Ақтөбеден ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген 220 жас әнші қатысты. Жобаның серіктестері, Димаштың жанкүйерлері — dears клубтары да ең үздік қатысушыларға сыйақы беріп, сыйлықтарын ұсынды.
«DQ» брендінің мерчі:
• Азамат Орынғали (Ақтөбе қаласы)
• Әлихан Өтеген (Талдықорған қаласы)
• Әлихан Нұрлыбек (Астана қаласы)
• Абылай Нұрсұлтан (Атырау қаласы)
«Kazakh Yuvelir» жүлделері:
• Сафина Самиева (Қырғызстан, Қара-Балта)
• Кәусар Медерқұл (Тараз қаласы)
• Амина Асгатова (Ақтау қаласы)
DEARS Димаштың 100 мың теңгелік жүлделері:
• Арсений Бардин (Можга қаласы, Ресей)
• Лев Смертин (Молдова, Тирасполь қаласы)
• Айару Қимағанбет (Ақтау қаласы)
• Алина Аракелян (Саратов қаласы, Ресей)
• Мөлдір Базарбай (Орал қаласы)

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Дина Ниязованың айтуынша, сахнаны әсемдеуден бастап, қонақтарды күтіп алуға дейін барлық ұйымдастыру мәселелерін шешу барысында филармония қызметкерлері барын салды.
— Біз режиссер Андрей Ерёминге, би топтарының жетекшілеріне, сондай-ақ әріптестерімізге алғыс білдіреміз, — дейді ол.
Байқау ұйымдастырушыларының айтуынша, жобаның бір бөлігі ғана байқау болды. Қатысушылар бірнеше күн бойы «GREEN LAND» базасында демалып, уақыттарын көңілді өткізді, бір-бірімен танысып, жаңадан дос тапты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button