Жаңалықтар

Кәсіп бастаймын десеңіз…

Ақтөбеде «Jumystap» жобасы аясында жұмыссыз жастарға арналған жәрмеңке өтті. Іс-шараға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Prof contact» қоғамдық бірлесігінің, қалалық «Мансап» орталығы мен облыстық еңбек мобильдігі орталығының мамандары қатысып, жастарға тегін кеңес берді. Іс-шараға «Zhas Project», «Бастау-Бизнес» жобасынан грант жеңіп алған алты кәсіпкер қатысып, тәжірибесімен бөлісті.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының маманы Анжела Чиктаеваның айтуынша, жәрмеңке жастарды кәсіпкерлікке ынталандыру, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін көрсету мақсатында ұйымдастырылған.
— «Jumystap» жобасы жұмыссыз жастарға бағыт-бағдар береді. Осы жәрмеңкеде жұмыс іздеген азаматтарға жұмыспен қамту орталығының мамандары әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпарат берді.
Бұрын бизнес грантын жеңіп, кәсібі алға басқандар кеңес беру үшін жәрмеңкеге келді. Негізі, кәсіпке берілетін қаражатты сауда үшін пайдалануға, құрылыс саймандарын алуға қолдануға болмайды. Тек шағын кәсіп бастауға қажетті техника, құрал-жабдыққа жұмсау керек. Мал басын көбейтіп, құс өсіріп, кәсіп ашам деушілерге де рұқсат бар. Бизнес гранты қайтарымсыз, бірақ сұраусыз емес. Мониторинг тобы грант алған адамдардың қаржыны көрсетілген мақсатта жұмсағанын жіті тексереді. Былтыр қаражатты негізсіз жұмсаған 18 грант иегерінен ақша кері қайтарылды. Сонымен қатар жәрмеңкеге «Мансап» орталығының мамандары қатысты. Дипломын алғанымен, жұмыс таба алмай жүрген жастар орталық қызметкерлеріне жүгініп, жұмысқа орналаса алады, — дейді ол.
Іс-шара барысында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдаудың маңыздылығына тоқталды.
— Ақтөбеде халық көп шоғырланатын аумақтарда бес модульдік пункт жұмыс істейді. Олар — жастар мен жұмыссыз азаматтарға бағыт-бағдар беріп, кәсіби кеңес ұсынатын белсенді алаң. Келісілген кестеге сәйкес облыстық білім басқармасының, еңбек мобильдігі орталықтарының, қылмыстық-атқару жүйесінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, «Отбасы банк» акционерлік қоғамы мамандары кеңес береді. Модульдік пункттер халыққа еңбекпен қамту, әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлік, тұрғын үй бағдарламалары, білім беру бастамалары, жастарды қолдау бағдарламалары бойынша тегін кеңес беру қызметін ұсынады, — деді ол.
Сондай-ақ «Кәсіп бастау жолындағы тәжірибе» атты ашық диалог алаңында мемлекеттік қолдау арқылы кәсібін сәтті бастаған кәсіпкерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіпкерліктің алғашқы қадамдары, жетістіктері жайында әңгіме өрбітті. Жас кәсіпкер Айбат Жақсығұл қазақша дамытқыш ойыншықтарды өндіріп, ұлттық нақыштағы ерекше ойыншықтарды нарыққа шығарып жүр.

— Бүгінде жұмыс жасаймын деген жасқа барлық мүмкіндік қарастырылған. Өткен жылы «Zhas Project» жобасының грантын жеңіп, кәсіп бастадым. Мақсатым — отандық бренд қалыптастырып, нарыққа қолжетімді ойыншықтар ұсыну. Алғашқы кезеңде ойыншықтарымды балабақшалар мен мектептерге тегін тараттым. Бүгінде тәрбиелік маңызы зор ойыншықтарға деген сұраныс артып келеді. Осы жолғы жәрмеңкеде жастарға кәсіп ашудың қыр-сырын үйреттім. Алдағы уақытта кәсбімді кеңейтіп, жас мамандарды жұмыспен қамтамасыз еткім келеді, — дейді жас кәсіпкер.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button