Алғаш рет бильярдтан турнир өтті

Өткен сенбіде «Емшан» бильярд клубында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Конституцияның 30 жылдығына арналған ардагерлер арасында бильярд турнирі өтті. Турнирде 10 қатысушы бақ сынады.
Іс-шараның ашылуында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов сөз сөйлеп, бұл турнирдің маңыздылығына тоқталды.
— Спорттық іс-шара ардагерлер мен белсенді азаматтарды бір арнаға тоғыстырып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Турнир қатысушылары — кезінде өз саласында елеулі қызмет атқарған азаматтар. Жалпы қоғамда спортпен тұрақты шұғылданатындар көбейсе, өмір сүру сапасы жақсарар еді. Спортпен үнемі айналысатын адамның дені сау, көңіл күйі көтеріңкі болады. Сондықтан баршаңызды спортпен шұғылдануға шақырамын, — деді басқарма басшысы.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов бильярд турнирінің облыста алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын айтады.
— Турнир қатысшылары жарысқа тыңғылықты даярлықпен келген. Бұған дейін ардагерлер аудандық жарыста бақ сынап, өзара мықтылар іріктелген еді. Осы жолғы жарысқа аудандық турнирдің жеңімпаздары қатысты. Турнир барысында 8 ауданнан және Ақтөбе қаласынан іріктелген қатысушылар өзара сайысты. Денсаулығына байланысты қатыса алмағандар да бар. Бильярд — жылдамдық пен тапқырлықты қажет ететін спорт түрі. Қатысушылардың дені — белсенді өмір сүру орталықтарының мүшелері. Ендігі мақсатымыз — ауыл-аймақтардағы белсенді өмір сүру орталықтарын заманауи спорттық құрылғылармен жабдықтау. Алдағы уақытта бильярд үстелін ауыл ардагерлері бас қосатын орталықтарға жеткізетін боламыз, — дейді ол.
Ойыншылар арнайы жеребе бойынша екі топқа бөлініп, бес қатысушыдан сайысты. Әуесқой ойыншыларға Мақсат Құдайберген төрелік етіп, ереже бұзғандарға ескерту жасады.
Жарыс жеңімпаздарына ақшалай сыйлық пен медальдар табысталды. Нәтижесінде 1-орын Ақтөбе қаласының Астана ауданының атынан қатысқан Төлеген Ізмағамбетовке бұйырды. Ал жүлделі 2-орынды хромтаулық Айтуған Құлмурзин иеленсе, 3-орынды мұғалжарлық Талғат Қойшекенов еншіледі. Ал ардагерлер арасындағы ең жасы үлкені — 78 жастағы Тасқан Аяпов арнайы кубоктың иегері атанды.
Бильярд турнирінде жүлдегер атанған Талғат Қойшекенов — мемлекеттік қызметте 20 жылдан бері абыройлы қызмет атқарған сала ардагері. Ол спортпен шұғылдануды күнделікті әдетке айналдырған.
— Бүгінде еңбегіміздің зейнетін көріп жатырмыз. Бізді елеп-ескеріп, осындай ауқымды турнирге шақырғанына алғысымды білдіремін. Облыстық ардагерлер кеңесі бұған дейін дойбы мен шахматтан жарыс ұйымдастырған еді. Ал бильярд ойыны мен үшін таңсық емес. Бұған дейінгі жарыстарда жүлделі екінші орынды жеңіп алдым. Алғашқы ойындарда қарсыластарым мықты көрінгенімен, соңғы ойында ес жиып, есе жібермеуге тырыстым. Енді ауыл ақсақалдарын да бұқаралық спортқа баулымақ ниеттемін, — деді жарыс қатысушысы.
Айта кетейік, жарыс жеңімпазы Қызылорда қаласында өтетін бильярд турнирінде облыс намысын қорғайтын болады.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.






