Жаңалықтар

16 үй тілсіз жаудан аман қалды

Тосын оқиға

Қобда ауданының Әлия ауылында тоғыз жеке тұрғын үйдің аумағында шөп пен шаруашылық құрылыстар өртке оранды.Төтенше жағдайлар департаменті берген дерек бойынша тілсіз жау қатты желдің салдарынан көрші аулаларға таралған. 1100 шаршы метр аумақты шарпыған өрт абырой болғанда тұрғын үйлерге таралған жоқ.

— 19 тамызда сағат 15.17-де Ақтөбе облысы Қобда ауданына қарасты Әлия ауылында 8 жеке тұрғын үйдің аумағында шөп пен шаруашылық құрылыстар өртенді. Ауыл құтқарушыларының жедел әрі үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында өрттің тұрғын үйлерге таралуына жол берілмей, 16 үй аман қалды.Оқиғада зардап шеккендер жоқ.Өрт сағат 18.18-де оқшауланып, 19.36-да толық сөндірілді, — деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Талғат Құбашев.

Оқиға басталған сәттен бастап жағдай облыс әкімінің бақылауына алынды.

Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаменті гарнизонының жеке құрамы, жергілікті атқарушы органдар, полиция департаменті, 20982-әскери бөлімі және 4 өрт сөндіру бекетінің күші жұмылдырылды. Барлығы 188 адам және 25 арнайы техника қатысты.

Қысқа әзірлеген жемшөбінен, қора-қопсысынан айырылған Әлия ауылы тұрғындарымен облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан кездесті. Өңір басшысының тапсырмасымен барған Жолдас Батырхан арнайы комиссия құрылып, оған аудан әкімі жетекшілік ететінін, әрбір зардап шеккен отбасына қора-жайын қалпына келтіруге қажетті материалдық көмек көрсетіліп, мал азығы толық көлемде тегін жеткізілетінін айтты.

Төтенше жағдайлар департаменті басшысының бірінші орынбасары Айбат Жанабергенов тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе мал азығын тұрғын үйлерден кемінде 15 метр қашықтықта сақтау және электр желілерінің маңына жинамау аса маңызды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button