Суши жеген 8 адам ауруханаға түсті

Оқиға
Ақтөбеде суши жеген сегіз адам облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына түсті. Жапон асханасынан үйге тапсырыс берген тұрғындар біраз уақыттан соң өздерін жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған.
— Тұрғындар суши жегеннен кейін бірден өздерін жайсыз сезінген. Қызуы көтеріліп, басы айналып, құса бастаған соң дәрігердің көмегіне жүгінуге тура келген. Уланған сегіз адамның екеуі — бала. Ал екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Науқастардың жағдайы бірқалыпты. Қажетті дәрі-дәрмектің барлығы беріліп жатыр. Дәрігерлер бақылап отыр. Жалпы жазда ішек аурулары көбейеді. Сондықтан тұрғындар барынша санитарлық тазалықты сақтағаны жөн, — деді бас дәрігердің орынбасары Жансәуле Дәулетова.
Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тапсырыс қабылдаған қоғамдық тамақтану орны тексерілетінін хабарлады.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



