Салық және халық

Семинар
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің негізгі өзгерістерін түсіндіру мақсатында семинар өткізді.
Оған Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов, осы ведомствоға қарасты Әдіснама департаментінің, Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру, Қосылған құн салығын әкімшілендіру, Бейрезиденттерге салық салу, Жер қойнауын пайдаланушыларды салықтық бақылау басқармаларының өкілдері қатысты. Жиынға өңірдегі салық саласында жұмыс істейтін мамандармен қатар, ірілі-ұсақты кәсіп иелері мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындар шақырылды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің Қосылған құн салығын әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сартаеваның айтуынша, аталған комитет тарапынан құрылған түсіндіру тобы еліміздің барлық өңірінде осындай кездесулер өткізіп жатыр. Ақтөбе — бұл бағыттағы тоғызыншы өңір. Комитет өкілі жаңа құжатқа енгізілген өзгерістер кәсіпкерлердің жүктемесін азайтып, салық жүйесін барынша оңайландыруға бағытталғанын айтады.
— Өзгерістерге сай 2026 жылдан бастап бұрынғы бірнеше арнаулы салық режимдерінің орнына тек үш негізгі салық режимі қалдырылады. Олар: біріншісі — өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұлғаларға арналған режим. Ең басты өзгеріс — енді олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ қызметін заңды түрде жүзеге асыра алады. Олар ай сайын 4% көлемінде ғана әлеуметтік төлем төлейді, барлық салықтан босатылған, ал зейнеткерлер мен кейбір санаттағы азаматтар әлеуметтік төлемнен де босатылады. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұлғалар міндетті түрде бақылау-кассалық чек беруге тиіс. Бұл талап мобильді қосымшалар арқылы да жүзеге асырыла алады, яғни арнайы касса аппаратын сатып алу міндетті емес, — дейді ол.
Тағы бір салық режимі — шаруа қожалықтарына арналған арнаулы режим. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қатысты бұрынғы бірыңғай жер салығы алынып тасталып, оның орнына жалпы табыстан 0,5% мөлшерінде жеке табыс салығы енгізілді.
— Енді бірі — оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі. Жаңа кодекске сәйкес бұл режиммен жұмыс істейтін кәсіпкерлерге 4% салық ставкасы белгіленген. Жергілікті мәслихаттар өңір ерекшелігі мен қызмет түріне байланысты бұл ставканы 2 пайызға дейін төмендетуге немесе 6 пайызға дейін көтеруге құқылы. Бұл ретте кәсіпкердің жылдық табысының шекті мөлшері 2,4 миллиард теңгеге дейін болады. Ең маңыздысы — арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Бұрын егер кәсіпкердің табысы белгілі бір деңгейден асса, қосылған құн салығы міндетті түрде төленетін. Ал енді жаңа ережеге сай бұл талап алынып тасталды, — дейді Айнұр Сартаева.
Кездесуге келген ақтөбелік кәсіпкерлер жаңа салық режимдері, салық ставкалары, әлеуметтік төлемдер және салықтық жеңілдіктерге қатысты сұрақтарын қойды. Әсіресе оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режиміне қатысты пікірлер көп айтылды.
Ақтөбелік салық кеңесшісі Жанар Қожабаеваның айтуынша, кәсіпкерлер тарапынан арнайы салық режимінің мөлшерлемесіне қатысты алаңдаушылық туып отыр.
— Жаңа Салық кодексіне сәйкес салық ставкасы 4% мөлшерінде белгіленіп отыр. Дегенмен өңірлік мәслихаттардың бұл мөлшерді 2 пайызға дейін төмендетуге немесе 6 пайызға дейін көтеруге құқығы бар. Біз салық ставкасын 2 пайызға дейін төмендету жөнінде құзырлы органдарға өз ұсыныстарымызды бердік. Себебі жергілікті кәсіпкерлердің кірістері мен бюджеті тек 2% салық төлеуге ғана жетеді. Салық жүктемесінің күрт артуы бизнеске айтарлықтай кері әсерін тигізуі мүмкін, яғни кейбір кәсіпкерлер бизнестерін тоқтатуы немесе көлеңкелі экономикаға кетуі ықтимал. Біздің ұсынысымыздың негізінде жергілікті мәслихаттың шешімі 1 желтоқсанға дейін қабылданса, салықтық түсімдердің тұрақты деңгейін сақтап қаламыз. Бұл өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдері үшін айтарлықтай қолдау болмақ, — дейді Ж.Қожабаева.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов жергілікті кәсіпкерлердің ұсыныстары құзырлы мекемелерге жөнелтіліп, тиімді шешім күтіп отырғанын тілге тиек етті. Семинар барысында жаңа құжатқа енгізілетін басқа да өзгерістер талқыланып, сарапшылар кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.







