Қолдау мен тәрбие

Ардагерлер кеңесі
Облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өңірдегі ардагерлер кеңесінің кезекті төралқа отырысы өтті.
Жиынды кеңес төрағасы Серік Шаңғұтов жүргізді. Отырыста сөз сөйлеген облыс әкімі Асхат Шахаров:
— Ардагерлер — ел бірлігін нығайтып, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін қоғамдық институт. Мемлекеттік саясатты түсіндіру, жастарға тәлім-тәрбие беру, елдімекендердегі халықтың жағдайымен танысып, өзекті мәселелерді көтеруде сіздердің үлестеріңіз зор, — деп атап өтті. Одан әрі өңір басшысы қазіргі қоғамда біршама күрделі мәселелер бар екенін айтып, бұл бағытта өмірлік тәжірибесі мол ардагерлердің әлеуетін тиімді пайдалану мемлекеттік органдар үшін үлкен қолдау болатынын жеткізді.Облыс әкімі бірлескен жұмыстың одан әрі жанданып, негізгі мақсаттарға жетуге септігін тигізетініне сенім білдіріп, ардагерлер кеңесіне сәттілік тіледі.
Күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды. Біріншісі — өңірде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының және ардагерлер кеңестерінің қарт адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Бұл тақырыпта баяндаманы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева жасап, облыс көлемінде 22 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейтінін, оның 10-ы Ақтөбе қаласында орналасқанын атап өтті. Қосымша хабарламаны облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев ұсынып, егде жастағы азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Екінші мәселе — Алматы аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы «Әжелер алқасының» қызметін жетілдіру. Бұл жөнінде төраға Эльвира Өтепбаева баяндама жасап, ұлттық құндылықтарды сақтау, жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.Жиын барысында Әйтеке би аудандық әжелер алқасының төрағасы Роза Жетіруова, Темір аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бабатай Салиманов, Алға ауданы белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жетекшісі Бақыт Ерғалиевалар сөз сөйледі. Президиум мүшелері атқарылған жұмыстарды оң бағалап, алдағы кезеңге нақты міндеттерді айқындады. Әсіресе аға буынның өмір сүру сапасын арттыру, медициналық қызмет қолжетімділігін кеңейту және қоғамдық белсенділікті нығайтуға баса назар аударылды.
Басқосу соңында облыс әкімі өңір дамуына үлес қосқан бірқатар ардагерді Алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Жанкелді Қалқаманға«Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.
— Білім саласында көп жылдық тәжірибем бар, бірнеше колледжді басқардым. Байғанин және Қарғалы колледждерінде жұмыс істеген кезде мал шаруашылығы және егіншілікпен айналыстық. Қазір зейнеттемін, он жылдан бері ауыл шаруашылығында қызмет етемін. Қазіргі таңда шаруашылығымда 600-ге жуық ақбас сиыр, 1000-нан астам еділбай қойы, 500-ге жуық мұғалжар жылқысы және шамалы түйе бар. Біздің шаруашылық облыс бойынша асылтұқымды бұқа сатумен айналысады, басқа облыстардан да тапсырыс қабылдаймыз. Қазіргі таңда 25 адамға жұмыс орнын ұсынып отырмыз. Еңбегіміз министрлік тарапынан еленіп, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісіе ие болдым. Қуаныштымын, алғыс айтамыз, — деді Қобда ауданындағы «Бестау-2015» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры Жангелді Қалқаман.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



