Жаңалықтар

Қауіпсіздік ережесін сақтауға шақырды

Жағажай

Биыл суға түсу маусымы басталғалы бері облыста 6 адам суға кетіп қалды.

Бұл дерек су айдындарында қауіпсіздікті сақтау мәселелеріне арналған баспасөз жиынында айтылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиынға облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Әли Омаров, осы басқарманың аға инженері Қайрат Аманшаев және аталған департаменттің азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Жанболат Төлепбергенов қатысты.

Өткен жылғы суға түсу маусымында да 11 қайғылы оқиға тіркелген. Мамандардың айтуынша, қайтыс болғандар, негізінен — тыйым салынған орынға шомылуға барғандар. Сонымен бірге жүзе білмейтін адамдардың басқаларға еруі, мас күйінде суға түсу де қауіпті.

Облыс аумағында суға түсуге тыйым салынған орындардың жалпы саны — 206. Ол жерлерге шомылуға тыйым салатын356 белгі орнатылған.

Ал суға шомылуға рұқсат етілген орын саны — 64. Рұқсаты бар жерлерде 44 демалыс орны ашылған. Оның ішінде 23-і — коммерциялық, 21-і— коммуналдық жағажай. Алға, Хромтау және Ойыл аудандарындажағажайлар меншік иесіне бекітілмеген. Яғни шомылуға қауіпті.

Суға түсуге қауіпті аймақтар күн сайын тексеріледі. Бұл жұмысқа  төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінен бөлек, полицейлер, әскерилер және еріктілер қатысады. 33 жерге бақылау камерасы орнатылған. Биыл маусымның басынан бері қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін 700-ге тарта адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынған.

Суға түсу маусымы кезінде, әсіресе балаларды бақылаусыз қалдыру өте қауіпті. Былтыр

5 бала суға кетсе, биыл да қайтыс болғандардың жартысы — бала. Мамандар биыл балаларға суға түсу маусымы кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіру мақсатында мектептерде 147 ашық сабақ өткізген.

Мамандар көпшілікті тыйым салынған жерлерге шомылуға бармау, мас күйде суға түспеу, қайықтар мен катерлерден, көпірлерден суға секірмеу, жағалауда қоқыс шашпау, жалған дабыл бермеу сынды ережелерді сақтауға шақырды.

А.САРЫБАЙ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button