Жаңалықтар

Шағын орталықтың үлкен істері

Қолдау

Ырғызда басына іс түскен тұрғындарға көмек беріп, үміт сыйлайтын шағын орталық бар. Былтыр желтоқсанда ашылған бұл орталық отбасындағы кикілжің, зорлық-зомбылық кезінде ғана көмек керсетпейді, тіпті адамдармен араласпай томаға-тұйық күн кешіп жатқан тұрғынды да қатарға қосып жіберген.

Ырғыздың Ө.Қанахин көшесіндегі шағын орталық тығырыққа тірелгендерге үлкен үміт сыйлайды. «Отбасын қолдау орталығы» деп аталатын бұлмекеме былтыр желтоқсан айында ашылды. Мамандары да елгезек, кішіпейіл, жауапты. Заңгер, психолог, әлеуметтік қызметкер — барлығы қиналып тұрған кезкелген адамды мұқият тыңдап, қолдау көрсетеді.

—Өмірде салың суға кететін кездер болады. Отбасындағы кикілжің, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жұмыссыз қалу, балаға қатысты қиындықтар — мұның бәрі мен деген мықтылардың өзінің сағын сындырады. Орталық осындай сәтте адамның  қиындықпен жалғыз қалмауы үшін ашылған, — дейді мекеме директоры Бауыржан Бұхарбаев.

Бұл жерде  келушілерге тегін заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Қажет болған жағдайда зардап шегушілерді Ақтөбедегі дағдарыс орталықтарына жібереді. Отбасындағы дау-дамайдың шешімі табылмай жатқан кезде кәсіби медиаторлар шақырылады.

Ырғыздағы дағдарыс орталығы аудандық полиция, білім бөлімі мұғалімдер, дәрігерлер, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста. Мониторинг тобы қолдауға мұқтаж отбасыларды анықтап, жедел әрекет етуге дағдыланған.

Ашылғалы бері Ырғыздағы орталық түрлі қиындыққа тап болған 19 отбасын есепке алған, қолайсыз 3 отбасы да үнемі мамандар назарында.Ырғызда әке-шешесіз қалып, туыстарының қолында өсіп жатқан 12 бала бар. Ал пробация бойынша тіркеуге алынғандар саны — 28 адам. Отбасын қорғау орталығы олардың бәрін үнемі бақылып, қажет кезде қолдау көрсетуге дайын.Назар аударатын ерекше жағдай —Ырғыздағы орталық жалғызілікті ер адамды әлеуметтендіруге ат салысты. Ол кезінде түрлі себеппен отбасын құрмай, ешкіммен араласпай, өзі тұратын үйдің ауласынан шықпай қалған.

— Біз ол кісімен көп жұмыс істедік, психологиялық қолдау көрсеттік, жұмысқа орналастырдық. Ол соңғы кезде ауыл адамдарымен араласып, өз-өзіне сенімді бола бастады, — дейді Бауыржан Бұхарбаев.

Дағдарыс орталығы — тек кеңес беретін орын емес, кездесу алаңы, кез-келген жағдайда отбасына қолдау көрсететін жер. Мұнда қайырымдылық акциялары да жиі өтіп тұрады. Мысалы, көпбалалы аналарға азық-түлікпен көмектескен кездері болды.Жұмыс істей бастағалы жарты жыл ішінде Әкелер күні, балаларды қорғау күні, халықаралық отбасы күні секілді атаулы күндерге арнап  іс-шара өткізді. Бір сөзбен айқанда, жаңа орталық Ырғыздың қоғамдық өміріне белсене араласып, ажырамас бөлігіне айналды.

-«Қарызсыз қоғам»жобасының арқасында ауданның 210 тұрғынына қолдау көрсетілді. Қазір «қаржылық сауаттылық» деген мәселе өте маңызды, сол себепті бұл бағыттағы жұмысты тоқтатқан емеспіз, — дейді Бауыржан Бұхарбаев.

Аяла БЕКНАЗАР,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button