Рухани ағартушының рухына тағзым

Конференция
Ақтөбе қалалық мәдениет сарайында көрнекті діни қайраткер, рухани ағартушы Нұрлепес Күмісбайұлына арналған облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті.
— XIX-XX ғасырларда халқымыздың рухани әлеміне шырақ болып, діни-ағартушылық жолында елеулі еңбек еткен Нұрлепес Күмісбайұлының өмірі өнегеге толы, әр ісі — ұрпаққа үлгі. Нұрлепес ата ел ішінде имандылық, білім мен тәрбие құндылықтарын кеңінен насихаттаған көрнекті қайраткер ғана емес, ұлттың болмысын сақтау жолында да өлшеусіз қызмет еткен. «Бүгінгі конференция атаның рухына тағзым етіп, өткенге құрметіміздің белгісі ретінде ұйымдастырылып отыр, — деді облыстық дін істері басқармасының басшысы Қаныбек Жақсығалиев.
Халық арасында емшілік қасиетімен де белгілі тұлға туралы деректі фильм көрсетіліп, көзі тірісінде пайдаланған заттарынан құралған көшпелі көрме таныстырылды. Сондай-ақ зиялы қауым өкілдері Нұрлепес Күмісбайұлы туралы естелігімен бөлісіп, марқұмның ғибратты ғұмыры туралы баяндама жасады.
2021 жылы Темір ауданы Алтықарасу ауылдық округіне қарасты Сарытоғай елді мекенінде халықтың күшімен Нұрлепес ата атындағы саябақ ашылған болатын. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрлік демалыс орнында теректер егіліп, орындықтар қойылғанын бұған дейін жазған едік. Басқосуда сөз сөйлегендер енді қайраткердің құрметіне музей ашылса деген тілегін білдірді. Бұл істе атқарушы биліктің қолдауы қажет.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.





