Ақтөбелік Абайлар

Абай Құнанбайұлының туған күні 10 тамызда Ақтөбе облысындабарлығы 35 сәбидүниегекелді. Оның 21-і — ұл, 14-і — қыз бала. Оның ішінде екі сәбиге Абай есімі берілді. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Әсет Оралбаев облыстық перинаталдық орталықтағы перзентханаға барып, жас аналар Айзана мен Ақгүлді құттықтады.
— Абай күні қарсаңында дүниеге келген перзенттеріңіздің бауы берік болсын! Ұлы Абай сияқты дана, еліне сүйікті азамат болып өссін!, – деген Әсет Оралбаев аналарға қала басшысының атынан домбыра сыйға тартты.
Ал жас аналар ризашылығын білдірді.
Ақтөбеде 10 тамыз күні «Keruen City» сауда ойын-сауық кешені, Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайы, «Нұрдаулет», «Алтай» және City, Dalida center сауда орталықтарында «Абайды оқы, таңырқа» атты танымдық акция өтті.
Оны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.
Акция барысында қала тұрғындары мен қонақтары ақынның өлеңін оқыды, әндерін шырқады. Ұйымдастырушылардың Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарына жауап берді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



