Тәртіп пен тазалық

Қоқыс алаңдарына жиһаз, құрылыс материалы секілді ірі қалдықтарды тастап, қаланы ластаушыларды анықтау үшін күн сайын полиция мен аудан әкімдіктерінің қызметкерлері енді тұрақты түрде рейдке шығады. Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекеттің төрағалығымен қаланың тазалығына қатысты мәселелер талқыланған жиында осындай міндет жүктелді.

Жиынға қаланың санитарлық тазалығымен айналысушы мердігер ұйымдардың басшылары және Алматы мен Астана ауданының әкімдері қатысты. Басқосуда қаланың тазалығына қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Мәселен, тұрғындар түнде контейнер алаңдарына ауласынан шыққан ірі қоқысты, кескен бұталарды, сынған жиһаздар мен құрылыстан қалған қалдықтарды төгіп тастайды. Қоқыс жинайтын мекеме өкілдері полициядан осыған қандайда бір шара қолдануды сұрады.
Полиция басқармасының бастығы Әсет Қалиевтің айтуынша, жыл басынан бері қаланың тазалығы мен абаттандырылуына нұқсан келтірген 2711 адам Әкімшілік кодекстің 505-ші бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Одан бөлек қаланың тазалығын бұзған 30 заңды тұлға анықталып отыр.
— Жыл басынан бері қала тазалығын бұзу фактілері бойынша 16 миллион теңге айыппұл салынды. Бізде бүкіл қаланы қамтуға учаскелік инспекторлардың саны жеткіліксіз. Рейд жүргізуге қарсы емеспіз. Жеке тұлғаға бірден айыппұл салмаймыз, алдымен ескерту береміз. Қала аумағында жедел басқару орталығының 218 бейнебақылау камерасы және контейнерлер алаңдарында департаментке қарасты камералар орнатылған. Төрт күн сайын осы камераларға және әлеуметтік желілерге мониторинг жүргіземіз. Анықталған фактілер бойынша учаскелік полиция инспекторлары кінәлі тұлғаларды іздестіреді, — деді Ә.Қалиев.
Сондай-ақ қалада тазалықты сақтау үшін құрылыс алаңдары мен бизнес нысандарына да мобильдік топтар рейд жүргізеді. Мәселен, құрылыс жүргізіп жатқан компаниялар алаңдардың айналасын қоршап, кіреберісіне қиыршықтас төсеулері керек. Одан бөлек нысан паспортын іліп, жүк көліктерінің доңғалақтарын жуатын құрылғы орнатуға тиіс. Бұндай талапты орындамаған компанияларға мобильдік топ құрамындағы полиция қызметкерлері ескерту береді немесе айыппұл салады.
Ал дүкен, салон, базар, дәмхана және басқа да кәсіп ашып отырған бизнес иелері ғимараттары орналасқан іргелес аумақта сенбілік өткізіп, арамшөптерін жұлып, кіреберіс баспалдақтарындағы брусчаткаларын жөндеп, ғимарат фасадын бояп, әктеп, тазалауға тиіс. Сынған, жыртылған жарнамалық баннерлер мен маңдайшаларын алып тастаулары керек. Көгалданған аймақ болса, оны да күтіп ұстау жұмыстарын күшейтуге тиісті.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



