Көлік қызметкерлері марапатталды

Көлік қызметкерлерінің күніне орай Ақтөбеде бір топ көлік саласының қызметкерлері марапатталды.
Қала әкімдігінде өткен салтанатты шараға 40-қа жуық адам шақырылды. Олардың ішінде темір жол саласының, халықаралық әуежайдың қызметкерлері, қоғамдық автобустардың жүргізушілері, ірі ауыл шаруашылығы көліктерінің жүргізушілері бар. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Қуантайұлы жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, қала әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Іс-шараға қатысқандардың алды қырық жылдан, соңы он жылдан астам өз салаларында халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүр. Олар өз мамандықтары туралы әңгімеледі.
— Еңбекке ерте араласып, ауылда көп жыл комбайн жүргіздім. Кейін қалаға көшіп келіп, коммуналдық қызмет саласында жүк көліктерін тізгіндедім. Жұмысым оңай болған жоқ. Бірақ адал еңбекпен кәсіп қылдым. Осы еңбегімді елеп, бүгінгідей марапаттап жатқанда кеудемді расымен мақтаныш сезімі билейді. Мереке құтты болсын! Еңбек адамдары жасасын!— деді тракторшы Жолдасбай Байдәулетов.
Ал Гүлнарға Хасанова 22 жыл теміржол вокзалында кезекші болып жұмыс істеген.
—Жолаушылардың аман-есен вокзалдан пойыздарына отырып кеткенінше қызмет көрсетеміз, — деді Гүлнара.
Жиын соңында марапатталғандар естелік суретке түсті.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



