Жаңалықтар

Ұшқан ұяға оралу

Ақтөбе педагогикалық училищесі кезінде бастауыш класс мұғалімдерін, мектепке дейінгі мекемелер тәрбиешілерін,мектептің музыка пәні мамандарындаярлайтын танымал, көрнекті білім ордасы болатын.

Біздер о сы білім ордасында 1976-1980 жылдары білім алып, ұлағатты ұстаз, білім беру ісінің үздігі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері Зоя Біралованың кенже балалары атанып, үлкен өмір жолына аттанғанбыз.

Әлі есіміде, төртінші курста оқып жүргенімізде апайымыз әрқайсысымызға естелік ретінде фотоальбом жасатқан. Сол альбомның соңғы бетінде 1985 жылдың 5 шілдесінде сағат 10.00-ге шақырылған «Кездесу билеті» орналастырылған. Сол үрдіспен бес жыл сайын кездесіп отыруымыз керек және сол күні апай біздерді күтетін. Сөйтіп, бесжылдық, онжылдық, жиырма жылдық, отыз жылдық кездесулер өтті. Кездесу сайын апай әрқайсысымыздың кәсіби дамуымызға, жетістіктерімізге ерекше ден қоятын. Абай атамызша айтқанда, «есеп бере» жүріп, жаңа мақсаттар мен міндеттерді арқалай кетеді екенбіз ғой.

Біздер 1976 жылы жан-жақтан, біреуіміз әлі оң-солымызды танып үлгермеген, біреуіміз қала тіршілігіне тосырқай қарайтын күйімізде келгенбіз. Отыз бір қыз бен екі ер бала едік. Зоя апай қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін. Сабақ басталғаннан «жазу үлгісімен» жұмыс жасадық. Келе-келе мен, Қуаныш, Айгүлүшеуміз «Әдебиетші», «Жалын» қабырға газеттерінің редколлегия мүшесі болдық. Училищені аяқтағанша түрлі кездесулер мен кештердің суреттерінің астына түсінік жазып, төрт-бес альбомды толтырғанмын. Кейін Қарағанды мемлекеттік университетінде оқығанда қыздардың диплом жұмыстарына көмектесіп, «маржандай жазулы қыз» атанғаным есімде. Бұл көмегімнің өзіме де зор пайдасы тиген.

Бір күні Зоя Әбілғазықызы аудиторияға жүзі жайнап, ерекше қуанышпен енді. Орнына отырды да, бізге жылышыраймен қарап: «Білесіздер ме, республика бойынша жоғары оқу орындары арасында біздің Ақтөбенің медицина институты, Оралдың педагогикалық институты, ал арнаулы орта оқу орындарынан біздің педучилищенің білім беру деңгейі жоғары бағаланыпты», — деді. Ол кезде қазіргідей интернет желісі жоқ, жаңалық-хабарлар баспасөз арқылы белгілі болады не ресми түрде келеді. Біздің байқағанымыз — апай өзі еңбек ететін оқу орнының әрбір жетістігіне шын жүрегімен ерекше қуанатын, сондай сезімді біздің бойымызға да сіңіруге ұмтылатын.

Зоя Әбілғазықызының тағы бір ерекше еңбегі — бізді кітап оқуға баулығандығы. Группаласымыз Ақзерді «қандай жаңа кітаптар келген екен?» деп «Кітаптар әлемі» дүкеніне жұмсап отыратын. Ай сайынғы отыз сом стипендиямызды алған сайын қажет кітаптарды алуға кеңес беретін, солайша біздерде жеке кітапхана қалыптасты. Сол рухани азық құнын жойған жоқ, оны балаларымыз пайдаланды, қазір немерелеріміздің қажетіне жарауда.

Апай театрда өзін-өзі ұстау, қоғамдық көліктерде жүру мәдениеттерін де үйрететін. «Ұстаздық қылған жалықпас үйретуден балаға»дегендей, Зоя апайымыз үлкен-кіші мәселелердің қай-қайсысына да мән беріп қана қоймай, үйрете де білген екен.

Енді, міне, осы қасиетті қара шаңырақтан ұшқанымызға 45 жыл болыпты. Бұл аз уақыт емес. Барлығымыз да еңбек жолымызды абыроймен аяқтап, құрметті демалысқа шықтық. Бүгінде келін түсіріп, қыз ұзатып, жиен, немере сүйген ата-әжелерміз.

Осыған дейінгі көзбен көрген, көңілге түйген, бойға жиғандарымызды ортаға салып, үлкен жауапкершілікпен кездесу дайындығына кірістік. Алғашқы күнімізді қадірлі апайымыздың шаңырағына барып, ұлағатты ұстазымызбен амандасып шығудан бастадық. Апайдың балалары Майра мен Назия есікті айқара ашып, қуана қарсы алды. Апай да хабардар. Көзі жайнап, тілі сайрап, төсекке таңылғанына қарамастан, жүзінен мейірім төгіліп, әрқайсысымызға құшағын ашып, кеудесіне басып, бетімізден сүйіп жатыр. Арасында жайлап көзін сүртіп қояды, біз де жасаураған жанарымызды байқатпаған боламыз.

Апаймен қай тақырыпта сөйлессек те, соңын адамгершілік қасиетті жоғары ұстау, адам атына лайық болу сынды сөз саптауларымен қорытындылап отырды. Ақындардың өлеңін жатқа оқыды, әсіресе ұлы Абайдың өлеңдері мен Жұбан Молдағалиевтің «Мен — қазақпын» поэмасынан үзінділерді ерекше жігермен шабыттана оқыды.

Арасында біз сыйлаған раушан гүлдерін құшырлана иіскеп: «менің раушан гүлдерін жақсы көретінімді ұмытпайсыңдар, ә», — деп қояды. Шындығында, апайымыздың туған күнін де ескеріп отыратынбыз. Апайымызға сый-сияпаттарымызды ұсынып, қимай қоштастық. Сыртқа шыққанда үшеуміздің де — менің, Алтынай мен Жұмагүлдің жанарымызда қимастықтың жасы тұр еді.

Апайымызға «Алла қуат берсін!» деп тіледік.

…«Ұстаз ісін ұмытпау — ұлылықтың белгісі», деп Ахмет Жұбанов айтып кеткендей, ұшқан ұямыздағы кездесуге, Абай атамызша айтқанда, «болмасақ та ұқсап бағып», психология, педагогика пәндерінен сабақ берген Сембай Ерғалиұлын, математика пәні бойынша Айша Базарбайқызын, орыс тілі пәні бойынша Қансұлу Ғалиқызын және Зоя апайымыздың үлкен қызы Майра Хайруллақызын (осы педучилищеде бізден кейін сабақ берген) қонаққа шақырғанбыз.

Өзіміз ертерек жиналдық. Қыздар, жігіттер жолдастарымен келді. Мәре-сәреміз. Кейбір достарымыз өз жолдастарын танымай әлек. Керемет сәт!

Еңселері көтеріңкі, тұғырларынан таймаған ұстаздарымызды қарсы алғандағы қуанышымызда шек болсайшы…

Барлығымыз амандасып, саябырлаған шақта мәжіліс залындағы салтанатты сәтімізді бастап кеттік. Ең алдымен, өмірден озған Тұрған Бимағанбетов, Қибат Қауанова, Ысқақ Райымбергенов, Дина Өтегенова, Қаныш Жұмалин, Галина Мазитова, Болат Бекниязов сынды ұстаздарымызды, құрбыларымыз Гүлшат Қалиева мен Базар Жәнібекованы еске алдық. Енді бір келесі айналымда біздер үшін әрқайсысының орны бөлек Тауманова Анаргүлдің, Қадырова Зәурештің, Бейсенғалиева Іңкәрдің, Еңсегенова Ботагөздің, Басбекова Нұрсәуленің, Бисембаева Зираның, Қабиева Лизаның, Баймағамбетова Нұрсәулелердің әр жылдарда өмірден озған отағасыларына көңіл білдіріп, еске алдық.

Оқуға жаңа түскен кезіміздегі фотоны көріп қалай толқымаймыз?! Ал диплом алып тұрған түлектер мүлдем басқаша: салиқалы, салмақты, киім киістерінің өзі үлгі болатын зиялы жандар шетінен. Көріп отырып, қайтадан сол бұрынғы қалпымызға түскендей болдық.

Топ старостасы Алтынай Ақдәулетова бәріміздің жүріп өткен жолымызға, жетістіктерімізге сараптама жасады. 28 түлектің 16-сы бастауыш, 4-еуі тарих, 5-еуі қазақ тілі мен әдебиеті, 1-еуі орыс тілі, 1-еуі география-биология пәндері мұғалімі бойынша еңбек ете жүріп, Алматы, Қарағанды, Орал, Гурьев қалаларындағы жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырған.

Үздік диплом иесі Бағдагүл Әлжанова Орал педагогикалық институтының география-биология факультетін қызыл дипломмен тәмамдады. 1999 жылы Н.И.Вавилов атындағы Саратов мемлекеттік университетінде ауылшаруашылық ғылымының кандидаттығын қорғап, 2005 жылы доцент ғылыми атағына ие болады. 2013-2021 жылдары М.Өтемісов атындағы мемлекеттік университетінде биология-экология кафедрасының меңгерушісі болды. Қазіргі таңда сол оқу орнында қызметін жалғастыруда.

Біздің бірге оқыған достарымыздың алған биіктері аз емес. Мәселен, А.Бисекова, З.Бисенбаева мектеп директоры қызметтерін атқарды. Жолдастарымыздың арасында мектеп директорларының орынбасарлары болғандары да аз емес. Енді бірқатары жоғары оқу орындары мен колледждерде ұстаздық етті. Басқа салаларда еңбек етіп, жоғары деңгейден көрінгендері де бар. Кәсіпкерлікпен шұғылданатын жолдасымыз Қ.Қыстаубаев Ойыл ауданының құрметті азаматы атанды…

Кездесу барысында белсенді жолдасымыз Бағдагүл Әлжанова ұстаздарымыздың ұлағатын жаңғыртып, олардың есімдерін атап, бәріміздің атымыздан құрмет-лебізімізді білдірді. Күләнда Аспантаева оқу орнымен байланыстыра отырып, біздің өмірімізді өрнектейтін бейнероликті көпшілік назарына ұсынды.

Бүгінде құрметті еңбек демалысында болса да, колледжбен тығыз байланысын үзбей, жас буынға тәжірибе-тәлімдерін үйретуден жалықпайтын құрметті ұстаздарымыз Сембай Ерғалиұлы, Айша Базарбайқызы, Қансұлу Ғалиқызы, Майра Хайруллақызы өз сөздерінде бағдарламаның дұрыс құрылғандығын, кешегі шәкірттерінің өздерінің алдында есеп бергендерін және қол жеткізген жетістіктерінің көңілдерін қуантқанын тілге тиек ете отырып, бұндай кездесудің бұрын-соңды болып көрмегендігін де айтып өтті, ризашылық сезімдерін білдірді. Ұстаздарымыздың салиқалы, парасатты пікірлеріне біз де разы болып, өзіміз дайындаған сый-сияпаттарымызды ұсындық.

Қырық бес жылдық кездесуіміздің салтанатты сәтінің шығармашылық жағынан тағылымды өтуіне қолдау жасаған колледждің директоры Жанар Әлішеваға, Бибігүл Мұстафақызы, Мәриям Аманқұлқызы сынды ұстаздарға да айтар алғысымыз шексіз. Осыдан екі-үш жыл бұрын колледжде Зоя апайымыздың атындағы кабинет ашылған болатын. Ол кабинеттің жасақталуына да атсалысқан едік. Сол кабинетте апайымыз үйреткен қалыппен рәсімделген жаңа әдеби кітаптарымызды тапсырдық. Өзіміз оқыған кабинетімізге барып, өз партамызға тағы бір отырып шықтық. Жоспарланған бір сағатта салтанатты шарамыз да өз мәресіне жетті. Ұстаздарымызды өз тілектеріне орай ризашылықпен шығарып салдық.

Кездесу барысында біз оқыған білім ордасының көп өзгерістерді бастан өткергенін байқадық. Заман ағымына сай көптеген жаңалықтар енгізіліпті. «Бүгінгі білім алып жатқан жастар уақыт талабына сай бізден де жоғары деңгейге көтерілсін, еліміздің кемелді келешегіне қапысыз қызмет етсін!» деген ақ тілегімізді білдірдік алтын ұямыздың шаңырағында.

Сәрия НҰРАЛЫҚЫЗЫ,

ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button