Жаңалықтар

Ел жадындағы ескі атаулар

Экспедиция

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жер шежіресі — ел жадында» атты экспедициясының қорытынды отырысы өтті.

Аталған шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен «Тарихи-диахрониялық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасы аясында жүзеге асырылды.

Тарихи-танымдық экспедиция өңірімізде биыл 28 шілде мен 4 тамыз аралығында өтті.
Басты мақсат — елді мекендер мен географиялық нысандарға қатысты тарихи ономастикалық атауларды жүйелеу, тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу, өңірлік тарихи жадты жаңғырту және ұлттық ономастика қорын толықтыру.
Экспедиция барысында облыс аумағындағы 60-қа жуық елді мекен мен географиялық нысан қамтылды фото және бейнематериалдар жинақталды. Жергілікті тұрғындармен, көнекөз қариялармен және өлкетанушылармен сұхбаттар жүргізілді.

Шарада экспедиция нәтижелері таныстырылып, жоба аясында жинақталған материалдар бойынша ғылыми тұжырымдар ұсынылды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар өкілдері, ғалымдар мен тарихшылардың қатысуымен пікірталас ұйымдастырылды.

— Облыстағы 12 ауданда жойылып кеткен тарихи жер-су атауларын қайта жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастама — ұлттық құндылықтарды сақтау, ұрпаққа тарихи жадыны аманаттау жолындағы маңызды қадам.

Тарихи атауларды жаңғырту — тек атау ауыстыру ғана емес, ол сол жердің өткенінен сыр шертетін рухани мұраны қайта тірілту. Әрбір атаудың артында ел жадындағы оқиғалар, табиғи ерекшеліктер, тарихи тұлғалар мен мәдени болмыстың ізі жатыр. Ономастика саласындағы бұл жұмыстардың нәтижесінде елді мекендер мен көшелер өздерінің байырғы атауларын қайтара бастайды. Ақтөбе облысында берілген географиялық атаулар тарихи негізге және ұлттық болмысымызға сай таңдалды. Әр атаудың өзіндік мәні мен мағынасы, шыққан тегі бар. Бұл — өңірдің тарихын, табиғи ерекшелігін, елдік болмысын көрсететін маңызды рухани мұра, — дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және талдау бөлімінің бас маманы Ақгүл Садықова.

Экспедиция нәтижесінде арнайы анықтамалық пен танымдық бейнефильм әзірленді. Жинақталған материалдар Қазақстанның болашақ 3D топонимдік картасына енгізілмек.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button