Өрт сөндіру бекеттері салынады

Жиын
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өрт қаупі жоғары кезеңінің өту барысы және табиғи өрттердің алдын алу шаралары талқыланды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Айбат Жанабергеновтің айтуынша, биыл облыс аумағында орман, дала өрттері және 1960 гектарды шарпыған 48 құрғақ шөп жану дерегі тіркелген.Өңірде тілсіз жаумен күреске азаматтық қорғау күштерімен құралдары жұмылдырылған: 657 техника, 5 өрт пойызы және 3329 қызметкер. Сондай-ақ 1912 адамнан тұратын 14 ерікті өртке қарсы құрылым бар. Дала өрттерінің алдын алу және сөндіру шараларына 993 млн теңге бөлінген, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға көп.
— Биыл «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Мәртөк, Әлімбет, Сарат және Алтай батыр елді мекендерінде төрт жаңа өрт сөндіру бекеті құрылды. Қазіргі уақытта облыста осындай 80 бекет жұмыс істейді, олар 129 мыңға жуық тұрғыны бар 208 ауылды қамтиды. Бекітілген жоспарға сәйкес 2028 жылдың соңына дейін тағы 26 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі барлық елді мекенді 100 пайыз өрт қауіпсіздігімен қамтуға мүмкіндік береді, — деді Айбат Жанабергенов.
Биыл департаменттің материалдық-техникалық базасы 14 арнайы өрт сөндіру және 8 қызметтік көлікпен толықты. Бұл ерікті құрылымдардың жарақтандырылу деңгейін 90 пайызға дейін, ал өрт бекеттерінің техникалық жабдықталуын 66 пайыздан 80 пайызға дейін жеткізді.
Құрылым басшысы халықтың ақпараттану деңгейін арттыру мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстардың да жүргізілгенін мәлімдеді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио бағдарламаларда 200-ден астам материал жарияланып, SMS-хабарламалар таратылған, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы белсенді байланыс орнатылыпты. Сонымен қатар құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 38 мобильді топ құрылып, олар 603 рейд жүргізген. Нәтижесінде 726 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 184-іне 5,2 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Асхат Шахаров табиғи өрттермен күресті күшейтуге бағытталған бірқатар тапсырма берді. Ол жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаменті арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруды, еріктілерді, соның ішінде көршілес аудандардан тарту арқылы өртті сөндіру жұмыстарын күшейтуді, ауылдық елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін техникалық жабдықтау арқылы одан әрі құруды, өрт сөндіруші бөлімшелер арасындағы жедел байланысты жақсарту үшін цифрлық радиостанцияларды сатып алу мәселесін қарауды, демалыс орындары мен орманды жерлерде патрульдеуді арттыруды тапсырды.
Аймақ басшысы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықты қорғау жұмыстары облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында болатынын атап өтті.
Арайлым НҰРБАЕВА.



