Жаңалықтар

Ақтөбелік тігіншілер үлесі

МЕКТЕП ЖӘРМЕҢКЕСІ

Ақтөбедегі Dalida Center сауда үйінде мектеп жәрмеңкесі өтіп жатыр. Іс-шараны Ақтөбе облыстық білім басқармасы, Кәсіпкерлер палатасы және Тігіншілер мен дизайнерлер қауымдастығы ұйымдастырып отыр.

Осы жәрмеңкеде ерекше назар жергілікті ателье мен тігін цехтарының сапалы өнімдеріне аударылып отыр.

— Жәрмеңкенің мақсаты — отандық өндірушілерді қолдау және ата-аналарға жаңа оқу жылына дайындық кезінде көмек көрсету. Қатысушылардың басым бөлігі — ақтөбелік кәсіпкерлер. Олар өз өнімдерін қолайлы бағамен ұсынады. Сауда орны мен павильондар Dalida Center әкімшілігі тарапынан тегін берілді, бұл үшін алғысымызды білдіреміз, — деді «Атамекен» ӨКП адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Айнұр Баймұратова.

Жәрмеңкеге бір топ ақтөбелік тігінші қатысты. Олардың бірі — Нұрия Исмаилова.

— Он бес жылдан астам уақыт тігін ісімен айналысып келемін. Негізгі бағытым — оқушы формасын тігу. «Жанар» сауда үйінде орным бар. Соңғы үш жылда мектеп жәрмеңкесіне қатысып жүрміз. Dalida Center әкімшілігіне тегін орын беріп, отындық өндірушілерді қолдағаны үшін рақмет. Мәселен, 1-сынып оқушысына арналған «Милана» дейтін матадан тігілген юбка мен жилетті шамамен 11 мың теңгеден сатамыз. Одан арзандау матадан тігілген юбка мен жилетті 7 жарым мың теңгеге беруге болады. Шалбар мен жилеттің бағасы да осыған шамалас, — дейді Нұрия Исмаилова.

Жәрмеңкеде ақтөбелік тігіншілер оқушы формасының сан түрін ұсынып тұр: қалаған түсіңізді алуға мүмкіндік бар, сұр әлде қою көк, бәрі бар.

Dalida Center сауда үйінің 3-қабатында (К.Нокин даңғылы, 34Е) өтіп жатқан жәрмеңке 31 тамызға дейін жалғасады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button