Жаңалықтар

Алғаш рет Шұбарқұдық күні тойланды

Темір ауданының Шұбарқұдық кентінде туған өлке мерекесі — Шұбарқұдық күні кең көлемде аталып өтті. Аталған мереке теміржолшылардың кәсіби мерекесімен қатар ұйымдастырылды.

Жұмысшылар жылы аясындағы мереке «Шұбарқұдықта жасалған» жәрмеңкесімен басталып, спорттық турнирлермен, танымдық кездесулермен жалғасты.Кент әкімінің кубогына арналған спорттық жарыста жергілікті 10 құрама команда бақ сынасып, «Ынта» жастар құрамасы жеңіске жетті.

Сонымен бірге мереке аясында «Досжан Хазірет» мемориалды кешеніне экскурсия жасалып, тұрғындар мен қонақтар тарихи-рухани құндылықтармен танысты.

Кешенді іс-шаралар аясында Нұрпейіс Байғанин атындағы аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылып, ел игілігіне берілді. Мәдениет үйінің директоры Асылгүл Ермұханованың айтуынша, жөндеу жұмыстары қаңтар айында басталып, қыркүйек айында аяқталуы жоспарланған болатын. Дегенмен мердігерлер жұмысты мерзімінен бұрын аяқтаған.

— Жөндеуге 280 миллион теңге қаржы бөлінді. Мәдениет үйінің ішкі-сыртқы келбеті толық жаңартылып, би залы, сахна, жаңа шеберхана ашылды. Қосымша үйірмелерге арналған бөлмелер жабдықталды. Бұрын осы ғимаратта мұражай мен Жастар ресурстық орталығы да орналасқан еді, енді ол мекемелер басқа ғимаратқа көшірілді. Соның нәтижесінде қосымша үйірмелер ашып отырмыз. Қазіргі таңда 60-тан астам бала хореография үйірмесіне қатысады. Сонымен қатар тігін цехын аштық. Салтанат залына 350 орындық қойып, кинозал ашу да жоспарымызда бар, — дейді Асылгүл ЕРМҰХАНОВА.

Жаңарған Мәдениет үйінің алаңында «Кимешек — аналардың асыл тәжі» этнофестивалі ұйымдастырылды. Оған ауданның 12 ауылдық округінен келген кимешекті әжелер қатысып, өз өнерін, ұлттық тағамдардың дайындалу жолдарын, ұлттық салт-дәстүрлерді көрсетті. Темір қаласынан келген 75 жастағы Зибаш Қайырова әжелер хорының мүшесі екен.

— Біздің ұжымнан алты адам келіп отырмыз. Ұлттық салт-дәстүрімізді, ұлттық киімдерімізді таныстырып, жастарға тәрбиелік бағытта насихат жүргіземіз. Құрақ құраймыз, ою оямыз, ұршық иіреміз — осындай ұлттық қолөнерімізді де паш етеміз. Қазір көп дәстүр ұмыт қалып барады. Мысалы, кимешек кию. Өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды сақтап, соны жастарға жеткізуіміз керек, — дейді ол.

Аудандық музейдегі танымдық іс-шарада ауылдың тарихы кеңінен таныстырылды. Музей іргесі қаланғаннан бастап 20 жылдан бері аудан орталығындағы Мәдениет үйінің ғимаратында орналасқан болатын. Тек өткен жылы  желтоқсанда бұл мәселе түбегейлі шешіліп, музей жаңа ғимаратқа көшірілді. Қазіргі таңда мұнда шамамен бес мыңға жуық жәдігер бар. Олар Этнография, Археология және табиғат, Өлке тарихы залдарында топтастырылған. 3Д форматы бойынша лед-экраннан ауданның флорасы мен фаунасы туралы да толық мағлұмат алуға болады. Құнды тарихи жәдігерлер де бар екен. Мысалы, генерал Жансен Кереевтің мундирі, Шәңгерей Әмиұлы деген ақсақалдан қалған шекпен, Темір ауданында табылған Алтын адамның көшірмесі сынды жәдігерлер, теріден жасалған торсық, жүн қоржындар, елтіріден тігілген ұлттық шапандар, ұлттық музыкалық аспаптар мен басқа да дәстүрлі бұйымдар көптің қызығушылығын тудырды.

Өлке мерекесі аясында теміржол саласында ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан еңбек адамдарына да құрмет көрсетілді. Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықовтың айтуынша, станция негізінен қазан айында құрылған, дегенмен тұрғындар пікірін ескере отырып, Шұбарқұдық күні дәл осы күнге белгіленген.

— Осы елді мекеннің негізін 1931 жылы теміржолшылар қалаған. Сол кезден бастап инфрақұрылым мен логистика дамыды, ал 1972 жылы Шұбарқұдық аудан орталығы болып белгіленді. Қазіргі таңда кентте 14 мыңнан астам адам тұрады. Өлкеміз одан әрі дамып келеді. Мәселен, тек осы жылы ғана аудан орталығына шамамен 6 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды, оның ішінде жолдарға және абаттандыруға 2 миллиард теңгедей қаржы бөлінді.Айта кету керек, 1935 жылы салынған Жансен Кереев атындағы теміржол мектебі апатты деп танылып, қазір оның орнына заманауи, жайлы мектеп салынып жатыр. Ауылішілік жолдарды жөндеуге де баса назар аударып отырмыз, себебі бүгінгі таңда аудан орталығының автокөлік жолдарының тек 52 пайызына асфальт төселген. Келер жылы бұл көрсеткішті 65 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз, — деді Алмас Жақсылыков.

Темір ауданының әкімі бірқатар теміржолшыға Алғыс хат тапсырды. Солардың бірі вокзал кезекшісі Жанна Шукатова. 2008 жылдан бері теміржол саласында еңбек етіп келе жатқан ол отбасында әкесі мен інісінің де осы салада жұмыс істейтінін айтады:

— Біздің басты міндетіміз — келген жолаушыларға сапалы қызмет көрсету, әрдайым олардың қауіпсіздігі мен жайлылығын бірінші орынға қоямыз. Күндіз-түні жұмыс істейміз, осындай жауапкершілігі аса жоғары кәсіпті таңдағаныма өкінбеймін, — дейді ол.

Тағы бір теміржолшы Алтынбек Үмбетов ата-анасының да осы салада еңбек еткенін, бүгінде қариялардың құрметті демалыста екенін айтады. Ол қызметін 2014 жылы кезекші оператор ретінде бастаған, соңғы екі жылдан бері Шұбарқұдық станциясының басшысының орынбасары қызметін атқарып келеді екен. Әріптестерін төл мерекесімен құттықтаған А.Үмбетов басты міндет тұрғындарға сапалы қызмет көрсету екендігін тілге тиек етті.

Мереке иелерін құттықтаған аудан әкімі А.Жақсылықов Шұбарқұдық күні жыл сайын дәстүрлі түрде мерекеленетінін атап өтті:

— Бүгін біз үшін ерекше күн. Бүгін алғаш рет ауданымызда Шұбарқұдық күні атап өтілуде. Шұбарқұдық — Ақтөбе облысының даму тарихында өзіндік орны бар ірі елдімекен, ауданымыздың айнасы. Бұл мерекені атап өтудегі басты мақсат – сүйікті мекенімізге деген сүйіспеншілікті арттыру және тұрғындарға жайлы көңілкүй сыйлау. Шұбарқұдық – еңбек пен бірліктің, ынтымақ пен жасампаздықтың мекені. Бұл жерде маңдай терімен елге қызмет еткен абзал азаматтар мен ел тірегі еңбек адамдары өмір сүріп жатыр. Сонымен қатар, бұл мереке Теміржолшылар күнімен қатар атап өтілуде. Себебі Шұбарқұдық пен теміржол қашанда бір-бірінен ажыраған емес. Бүгінгі қуанышты күнде жерлестерімді Шұбарқұдық күнімен және теміржолшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын, — деді ол.

Ауқымды іс-шара қорытындысында Орталық стадионда «Сүйікті мекен —Шұбарқұдық» атты гала-концерт ұйымдастырылып, тұрғындарға көтеріңкі көңілкүй сыйлады. Аталған гала-концертке жергілікті өнерпаздармен қатар, Өмірқұл Айниязов, Еркебұлан Құмаров, Qanay секілді танымал эстрада әншілері шақырылып, халықтық серуен ұйымдастырылды.

— Ақтөбені өзімнің екінші туған жерім деп санаймын. Себебі Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде оқыдым. Осы өңірге бірнеше рет гастрольдік сапармен келіп, Шұбарқұдық, Кеңқияқ және басқа да ауылдарда өнер көрсеткенмін. Сол себепті уақыт тауып, осы өлкенің мерекесіне арнайы келдім,— дейді Өмірқұл Айниязов. Әнші көрермендердің сұрауымен «Отырадағы той», «Еркем-ай», «Бір шәугім шай», «Байтақ ел» сынды әндерін орындады.

Айта кету керек, Шұбарқұдық күні енді жыл сайын тұрақты түрде атап өтілетін болады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.       

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button