Абай мұрасы және кәсіпкерлік

Ақтөбеде заманауи бизнес тәсілдерін ұлы ойшыл Абайдың рухани мұрасымен ұштастырған семинар-тренинг өтті.
Іскер жандар басқосуда ақын шығармашылығында көтерілген еңбек, білім, адамгершілік және қоғамға қызмет ету құндылықтарын бизнесте қалай қолдануға болатынын үйренді. Бұл тәсіл бизнесті тек табыс құралы ретінде ғана емес, сонымен қатар ізгілікке, тұлғалық кемелдікке және қоғамдық пайдаға қызмет ететін құрал ретінде қарауға мүмкіндік берді.
Шараны Назарбаев университеті жанындағы Кәсіпкерлікті зерттеу орталығы (NURCE) Бизнес-тренерлер қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды.
— Біз жылдар бойы мүмкіндігі шектеулі жандар мен өңір тұрғындарының кәсіпкерлік жолдарын зерттеп келеміз. Олар бизнесін қиындықтарға қарамастан жүргізіп жатыр. Мұндай кәсіпкерлердің тұрақтылығы — стратегияда емес, құндылықтарда, — деп атап өтті Назарбаев университеті жанындағы Кәсіпкерлікті зерттеу орталығының жетекшісі, профессор Шумайла Юсафзай.
Бағдарлама өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған, әсіресе әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге басымдық беріледі. Қатысушылар үш күн бойы шеберлік сабақтарынан және топтық жаттығулардан өтті. Олар стратегиялық ойлауды, тұлғалық тұрақтылықты және этикалық көзқарасты дамытуға арналған.
— Бүгінде саналы ойлау мен жауапкершіліксіз нағыз бизнес туралы айту мүмкін емес. Біз кәсіпкерлерге табыс пен пайда, өсу мен тұрақтылықтың арасындағы байланысты көруге үйретеміз. Бұл жерде Абай философиясы — жол көрсетуші. Ол шыншылдыққа, құрметке және еңбекке қайта оралтады, — дейді бағдарламаның жетекші тренерлерінің бірі, тұрақты даму, ESG және бизнесті экологияландыру жөніндегі сарапшы Жанар Күлжанова.
Бағдарлама бұған дейін Астана, Алматы және Абай облысында сәтті жүзеге асырылды.
Оқу бүгін аяқталады. Қатысушыларға толық курсты аяқтағанын растайтын сертификаттар табысталады.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.



