Жаңалықтар

128 мың гектар жер қайтарылды

Биыл облыс аумағындағы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы 128,9 мың гектар 120 жер учаскесіне қатысты келісім шартты мерзімінен бұрын тоқтату арқылы мемлекеттің босалқы жер қорына қайтарылған. Өткен жылы 219,0 мың гектар жер учаскесі қайтарылыпты. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ақтөбе облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Ержанов айтты. 

Аталған басқарманың осы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмысының қорытындысы туралы мәлімет берген ведомство басшысы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану, елді мекен жерлері, топырақ құнарлығын қалпына келтіру, жер қойнауын пайдаланушылар мәселесіне кеңінен тоқталды.

— Облыстың жалпы көлемі 30,1 миллион гектар жер қорының 26,9 миллион гектары —  ауыл шаруашылығы алқаптары. Биыл облыс бойынша айналымға енгізіліп, ауыл шаруашылығы мақсатына рәсімделген жер аумағы — 13,3 миллион гектар. Сонымен бірге биыл 14 конкурс өткізу арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 242,6 мың гектар жер учаскесі айналымға енгізілді.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 37 тармағындағы тапсырмаларды орындау мақсатында пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі жоспарланған тапсырмаға сәйкес жұмыстары атқарылып жатыр. 2022 жылы — 535,0 мың, 2023 жылы — 366,0 мың, өткен жылы 219,0 мың гектар жер қайтарылды, — деді басқарма басшысы.

Нұрбол Ержановтың айтуынша, облыс бойынша елді мекен тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз етудібақылауға алып, жұмыстар атқарылып жатыр.

ҚР АШМ тарапынан бекітілген «Жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасына» сәйкес облыс бойынша тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтарындағы мал басын жайылыммен қамтамасыз ету 10 аудан,қала аумағы бойынша жеткілікті деңгейде қамтылған.

Сонымен бірге Н.Ержанов 2025-2029 жылдарға арналған  Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар барысы туралы да мәлімет берді.

«Ауыл  шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 2024-2030 жылдар кезеңінде топырақ құнарлылығын қалпына келтіру және арттыру жөніндегі шаралар» өңірлік Жол картасына сәйкес тозған жер учаскелері анықталып, олар бойынша схемалық карталар әзірленіп жатыр. Осы схемаларға сәйкес, су эрозиясына ұшыраған аумақтар — 8,13 мың гектар, жел эрозиясына ұшыраған жерлер —  2,43 мың гектар, ал су және жел эрозиясы қатар орын алған жерлер —  2,44 мың гектар жер учаскесіне топырақ құнарлылығын қалпына келтіру жұмыстары жоспарланды.

Аталған Жол картасына сәйкесМәртөк, Кобда аудандарында жалпы көлемі 7,0 мың гектаргеоботаникалық топырақты зерттеу жұмыстары жоспарланып отыр, — деді Н.Ержанов.

Жер қойнауын пайдалану бағытында инвестициялар тарту басты назарда екендігі де айтылды. Бұл ретте құзырлы басқарма жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу және бақылау жасауды жүзеге асырады.

— Қазіргі таңда облыс аумағында 235 жер қойнауын пайдаланушы бар. Биыл жер қойнауын пайдаланушыларға жалпы көлемі 1900 гектар болатын 20 жер учаскесі табысталды. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру бойынша 4 жоба (535 мың гектар) бекітілді. Жер қойнауын пайдаланушылар қолданыстағы заңнама шеңберінде жер учаскелерін қалпына келтіруге (рекультивация) міндетті. Осы ретте жер пайдалану мерзімі біткен, алайда жер учаскелеріне рекультивациялық жұмыстарды жасамай мемлекеттің босалқы жер қорына қайтармаған 10 шақты жер қойнауын пайдаланушы анықталып, тиісті шара қолдану үшін облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды, — деді басқарма басшысы.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.       

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button