13 ауруға қарсы вакцина егілді

Биылғы жылдың басынан бері өңірде мал мен үй құстарына аса қауіпті саналатын 13 ауруға қарсы вакцина беру жұмыстары жүргізілген.
«Алдын алу шаралары жоспарға сәйкес одан әрі жалғасып жатыр», — деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бердімұрат Бекжанов.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтылды.
Мәліметтерге сай, жыл басынан бері 440, 8 мың бас ірі қара мал серологиялық зерттеуден өткізіліп, оның 0,5 пайызы, яғни 2277 бас малдан ауру анықталған. Сонымен қатар, 739, 3 мың бас ұсақ малға зерттеу жүргізіліп, инфекция көрсеткіші 0,06 пайыз болды. Осыған байланысты жалпы ауданы 17,4 мың шаршы метр аумақта залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Мамандар мал иелерімен кездесіп, бруцеллезге қарсы түсіндіру жұмыстарын да өткізді.
Облыс аумағында сібір жарасы ауруына қатысты 122 оба бар. Осы жерлерге адам мен мал кірмеу үшін, жан-жағы 1,5 метрлік қоршаумен қоршалды. Сонымен қатарбұл обалардың топырағынан жалпы саны 800 сынама алынған.Олардың бәрінің нәтижесі — теріс.
Сондай-ақ облыста қазір 56 типтік мал қорымы бар. Бұларды ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай күтіп ұстау үшін, 18, 8миллион теңге қаражат бөлінген.
А. САРЫБАЙ.



