Сұлулық әлемі

Алғалық кәсіпкер өз қаржысына жаңа кәсіп бастады. Ол аудан орталығынан жаңа сұлулық салонын ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтыды.
Арман Нұрғалиев өз ісін бастамас бұрын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Алға аудандық филиалына жолығып, жан-жақты кеңес алыпты. Филиал қызметкерлері оған бизнесті жүргізу, кәсіпкерлер құқығының қорғалуы, сондай-ақ бизнесті қолдау мақсатында қабылданған бағдарламалар, құжаттарды әзірлеу, т.б. мәселелер төңірегінде толықтай ақпарат берген.
Кәсіпкер қазір «Айсұлу» сұлулық салонын ашып, 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл істі бастауға және жүргізуге оның жары Айжанның да қосқан үлесі зор. Яғни бұл — отбасылық кәсіп.
Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер болашақта сұлулық салонын кеңейтіп, қыз-келіншектерге жаңа қызмет түрлерін ұсынғылары келеді.
— Тағы да үш адамды жұмысқа алғымыз келеді. Ең басты талап — өз ісін жақсы көру, тұтынушыларға жанашырлықпен, адал қызмет көрсетуге ұмтылу. Біз өз ісімізбен тек табыс тауып қоймай, күн сайын адамдарға қуаныш сыйлағымыз келеді, — дейді Арман.
Мәдина ТӘЖІБЕКОВА,
Алға ауданы.



