Ақтөбеде тағы екі мектеп пайдалануға беріледі

«Келешек мектептері»
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста білім беру инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Тамыз айында қалада тағы екі мектеп пайдалануға беріледі. Осы орайда облыс әкімі Асхат Шахаров құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
300 орынға арналған мектептердің бірі Саяжай-1 тұрғын алабында салынып жатыр. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер ұйым — «Бабэк құрылыс» ЖШС. Жобаның жалпы құны — 3,53 млрд теңге. Ал екінші мектеп — 2 мың орындық білім беру мекемесі Алтын Орда шағын ауданында бой көтеріп жатыр. Құрылыс жұмыстарын «Bi Global» ЖШС жүргізуде. Жобаның құны — 9,59 млрд теңге. Бұл мектеп аталған аудандағы оқушы орындары жетіспеушілігін шешуге бағытталған.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының уақтылы аяқталуы керектігін айтып,мектептердің жаңа оқу жылына толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Оның айтуынша, ішкі әрлеу сапасы, сыныптарды жабдықтау, қауіпсіздік және аумақты абаттандыру мәселелеріне ерекше назар аудару қажет.
Бұған дейін Ақтөбеде «Келешек мектептері» стандарттары бойынша салынған екі мектеп пайдалануға берілген еді.
А.ІЛИЯС.



