Жаңалықтар

Тұрғындарды қабылдады

Облыс әкімі Асхат Шахаров тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. 

Алдын ала қабылдауға 15 адам жазылып, оның 11-і қоғамдық қабылдауға келді. Өтініштердің басым бөлігі — тұрғын үй, әлеуметтік қорғау, экология және жергілікті инфрақұрылымға қатысты мәселелер.

Қабылдауда облыстық басқарма басшылары азаматтарға кеңес және әрбір мәселе бойынша нақты түсініктемелер берді.

Арыз-шағым, өтініштер облыс орталығының тұрғындарынан да, аудан азаматтарынан да түсті. Атап айтсақ, тұрғын үй кезегі, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көмек, сондай-ақ бизнесті қолдау, т.б. бар.

Әрбір өтінішке қатысты нақты түсіндірме беріліп, оны шешудің жолдары ұсынылды, сондай-ақ жауапты органдарға тиісті тапсырмалар жүктелді.

Мысалы, Ойыл ауданының тұрғыны Б.Нысанбаев Амангелді ауылдық округіндегі автожолдардың жай-күйі мен экологиялық жағдайды көтерді. Ал Шалқар қаласының кәсіпкері М.Көшетов елдімекенге қажет қоқыс таситын көлік сатып алуға қолдау сұрады.

Екі мүмкіндігі шектеулі баланың әкесі балаларын емдеуге қаржылай көмек көрсетуді өтінді. Еске салайық, өтініш иесіне 2024 жылы өңір кәсіпорындары балаларды емдеуге жалпы екі миллион теңге көлемінде қаражат бөлген-ді. Мұндай көмек мемлекеттен тікелей көрсетілмейді.

Қабылдауға бірқатар ақтөбелік тұрғын үй алу мәселесімен жүгінді. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үйді кезексіз беру көзделмегені түсіндірілді. Тұрғын үй мәселесі коммуналдық (жалға берілетін) үйлер пайдалануға берілгеніне қарай кезек тәртібімен шешіледі.

Облыс әкімі Асхат Шахаров мұндай кездесулер халықпен кері байланыстың маңызды бөлігі екенін айтты.

— Ең бастысы – адамдардың өзекті мәселелерін тыңдау, оларды түсіну және заң аясында шешімдер табу. Біз барынша ашық болып, облыс тұрғындарының әрқайсысымен диалогқа дайын болуымыз керек, —деді облыс әкімі.

Қабылдау барысында айтылған барлық өтініш бақылауға алынды. Кейбір мәселелерді шешу уақытты қажет етеді, ал бірқатары тиісті органдарда қаралады.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button