Жаңалықтар

Жол: 156 жоба жүзеге асады

Брифинг

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 2025 жылдың алғашқы жарты жылында атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында басқарма басшысының орынбасары Есет Аманбаев өңірдің жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы бастамалар туралы баяндады.

Өңірде облысішілік тұрақты автобус қатынасы 12 бағыт бойынша жүреді.Биыл мамыр айынан бастап Ақтөбе-Ырғыз және Ақтөбе-Т.Жүргенев бағыттарында автобус қозғалысы қайта жанданды. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар бағыттардағы тасымалды субсидиялауға 577,7 миллион теңге бөлініп, алғашқы алты айда 245,5 мың жолаушы тасымалданған. Бұл ретте 238,4 миллион теңге игерілген.

Биыл облыс тұрғындарының сұранысы бойынша әлеуметтік маңызы бар «Ақтөбе–Шалқар» теміржол бағыты ұйымдастырылмақ. Қызметті «Сары-Арқа компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады. 8 вагоннан тұратын пойызда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы орындар мен көтергіш құрылғылар қарастырылған. Пойыз аптаның бес күнінде қатынайды. Сондай-ақ бұл бағытты субсидиялауға облыстық бюджеттен 494,8 миллион теңге бөлініп, алғашқы жартыжылдықта 108,1 мың жолаушы тасымалданды. Жоспарланған қаражаттың 283,7 миллионы игерілді, — деді Е.Аманбаев.

Сонымен қатар брифингте биыл Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайдыңалғашқы алты айында 532,4 мың жолаушыға қызмет көрсетілгені айтылды. Қазіргі уақытта әуежайда 10 бағыт бойынша рейстер жүреді. Оның алтауы ішкі (Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Түркістан, Шымкент), төртеуі халықаралық (Шарм-эш-Шейх, Анталья, Доха және Пхукет) бағытта қатынайды. Ұшу-қону жолағын жөндеуге биыл облыстық бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, 1200 плита сатып алынған.

Соңғы үш жылда (2022-2024 жылдары) өңірдегі жергілікті жолдар мен көше-жол желісінің 1200 шақырымы жөнделді. Бұл жұмыстарға 113,7 миллиард теңге жұмсалды. Оның ішінде 32,6 миллиард теңгесі — республикалық, 81,1 миллиард  теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген болатын.

Жалпы, облыстағы жергілікті жолдардың жалпы ұзындығы — 4412 шақырым. Қазіргі уақытта жақсы және қанағаттанарлық күйдегі жолдардың үлесі — 78 пайыз, — деді басқарма өкілі.

Ал биыл жол саласы мен жөндеу жұмыстарына 59,9 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражатқа 464,1 шақырымды қамтитын 156 жоба жүзеге асырылмақ. Оның 36-сы — жергілікті маңызы бар жолдар (245,1 км), 120-сы — қала және елді мекен ішіндегі жолдар (218 км). Жобалар аяқталғаннан кейін жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 82%-ға дейін жеткізілмек.

 А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button