Ветеринарлық қызмет паркі жаңа техникалармен толықты

Облыстың ветеринариялық қызметі жаңа қызметтік көліктермен толықты. Қала және аудан деңгейіндегі ветеринарлық станциялардың мамандарына 12 жаңа автокөлік пен арнайы жылжымалы инсинератор кілттері табысталды.

Аудандық пункттерге жол талғамайтын «Нива» көліктері берілсе, облыс орталығындағы станцияға мал өлекселерін жоюға арналған инсинераторлар сатып алынды. Жаңа техникалар шалғай елді мекендердегі ветеринарлық қызметтің сапасы мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Қызметтік көліктермен қамтамасыз ету арқылы эпизоотиялық жағдайларды бақылау және алдын алу шаралары жедел жүзеге асырылады.
«Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында өткен Ветеринария қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған шараға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов қатысып, құттықтау сөз сөйледі, ветеринария саласының өңірдегі эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Көлік кілттері салтанатты түрде табысталды.
Бүгінде облыстағы 142 ветеринарлық пункттің 105-інде қызметтік көлік бар. Қалған 36 ауылдық округті келесі жылы техникамен жабдықтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ барлық ветеринарлық станция мамандары планшеттермен қамтамасыз етілген. Бұл құжат айналымын толықтай цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар былтыр облыста 11 ветеринарлық пункт салынса, биыл тағы 15 нысанның құрылысы жоспарланған. Бұл мақсатқа 247 млн теңге қаржы қарастырылған.
Мерекеде сондай-ақ Ғалымжан Елеуов өңірдің ветеринария саласының дамуына сүбелі үлес қосқан мамандарды марапаттады. Атап айтқанда, Дархан Тойлыбаев «Еңбек ардагері» төсбелгісін, Иса Базаров «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін, Мақсот Өмірзақов пен Фарида Жалғасбаева Ауылшаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын иеленді.
Сондай-ақ облыстың барлық ауданынан келген 50-ден астам маман облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында мал дәрігерлері, фельдшерлер, пункт меңгерушілері мен эпизоотолог мамандар бар.
«Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясы» РММ басшылығы да сала мамандарына көрсеткен адал еңбегі үшін ризашылығын білдірді.
Д.ҚАЗИХАН.



