Жаңалықтар

Әскери ұшқыштар — ел қорғаны

Сенат депутаты Амангелді Нұғыманов Әуе қорғаныс күштерінің Т.Бигелдинов атындағы әскери институтында болып, осы жоғары оқу орнының басшылығымен және оқытушыларымен кездесті.

Парламент Сенатының депутаты Амангелді Нұғыманов өңірге жұмыс сапары барысында облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева және мәслихаттың басқа да депутаттарымен бірге Әуе қорғаныс күштерінің екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің есімін иемденген әскери институтына барды. Кездесу барысында ЖОО-ның білім беру базасының модернизациялануы, әскери мамандарды даярлау және оқу процесіне озық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Кездесу әскери институттың акт залында өтті. Сенат депутаты Қорғаныс күштерінің жеке құрамына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, Әуе қорғаныс күштерінің Т.Бигелдинов атындағы әскери институтының орны әрдайым бөлек.
— Бұл институт — Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілеттілігін нығайта түсуге зор үлес қосып келе жатқан оқу орны. Қазір институт еліміздегі әскери білім беру саласындағы жетекші орталықтардың біріне айналып отыр, — деп атап көрсетті Амангелді Нұғыманов.
Институттың штаб бастығы, полковник Федор Стрелков былтыр 50 жылдық мерейтойын атап өткен әскери оқу орны тарихының негізгі кезеңдері жөнінде баяндап берді. 1992 жылы бұл оқу орнына даңқты ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің аты берілген. 1996 жылы ұшқыштар училищесі әскери институт болып қайта құрылып, сол жылы бірінші рет ҚР Әуе күштері үшін офицерлер легін даярлап шығарды. Институт — еліміздегі курсанттарды ұшқыш, инженер, медициналық және әскери-теңіз мамандықтарына жоғары әскери-кәсіби бағдарлама бойынша оқытатын бірден-бір оқу орны. Сонымен қатар, осы оқу орнының қабырғасында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы-мемлекеттер үшін де мамандар даярланады.
Оқу-жаттығу мақсатындағы ұшу, сондай-ақ институттың әуе техникасына қызмет көрсету жұмыстары екі аэродромда жүргізіледі. Жазғы пайдалану, әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету, радионавигация, әскери медицина, стоматология, теңіз техникасы, басқа да бағыттар бойынша мамандар даярлау 17 кафедрада жүзеге асырылады. «Айбын» аэродромында кіші әуе мамандарын даярлайтын оқу орталығы бар.
Сенат депутаты Жұмысшы мамандықтары жылы аясында азаматтық сала мамандарын
даярлауға қаншалықты көңіл бөлінетінін сұрады. Бұл жоғары оқу орны алдыңғы кезекте әскери мамандар даярлауға бағытталғаны белгілі. Алайда екінші курстан кейін студенттер дәнекерлеуші, электрмонтер, монтаждаушы, авиациалық құралдың радисі сынды мамандықтар бойынша сертификат алуға құқық беретін оқу-өндірістік тәжірибеден өтеді.
Одан әрі қонақтар институттың материалдық-оқу базасымен танысып, арнаулы сыныптарды, зертханаларды, тренажерлік кешендерді қарап шықты. Әңгіме кезінде әскери оқуды одан әрі дамытудың өзекті тұстары, оқу процесін цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері талқыланды.
— Әскери білім деңгейінің қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге сәйкес болуы өте маңызды, — деп атап өтті сенатор.
Оның пікірінше, жасанды интеллекті пайдалану, әсер тудырғыш технологиялар мен цифрлық платформаларды қолдану болашақ офицерлер даярлау ісінің ажырамас бөлігіне айналу керек. Сенат депутаты сөзінің соңында әскери институтты одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныс-тілектерді өз бақылауына алатынын және олардың қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралатынын айтты.
Сонымен бірге, Амангелді Нұғыманов курсанттарға тәжірибелік сабақтар жүргізіліп жатқан «Айбын» аэродромында да болды.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button