Аудандарды аралады, заңнамалық өзгерістерді түсіндірді

Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Әлішев облысқа жұмыс сапарымен келіп, бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысымен танысып, халықпен кездесті.
Сапар барысында Мәжіліс депутаты «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе қаласының Саяжай-1 тұрғын алабында салынып жатқан 300 орындық жаңа мектептің құрылыс барысын бақылап, жұмыс сапасы мен қарқынын пысықтады.Аталған жоба Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген болатын. Мектеп құрылысы 2023 жылы басталған. Жалпы құны — 3,53 млрд теңге. Ал ғимараттың аумағы 6 мың шаршы метрден асады.
Жалпы, облыс бойынша аталған ұлттық жоба аясында 11 400 оқушыға арналған 14 мектеп салынады. Оның ішінде екі мектеп былтыр пайдалануға берілсе, жаңа оқу жылына дейін тағы 3200 орынға арналған 4 мектеп қолданысқа берілмек.
Депутат мектепті аралау кезінде химия кабинеттерінің ауа сорғыш құрылғыларымен жеткілікті жабдықталуына назар аударып, бұл қауіпсіздік талабын заңмен бекіту қажеттігін атап өтті.
— Балалардың денсаулығы — басты назарда. Химия кабинеттерінде улы заттармен жұмыс істегенде қауіпсіздік үшін ауа сорғыштардың саны жеткілікті болуға тиіс. Егер мұндай талап санитарлық нормаларда қарастырылмаса, заңнамаға өзгеріс енгізуге дайынбыз, — деді Қ.Әлішев.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты «Жайсаң» шекара бекетінің жұмысымен және Мәртөк ауылында салынып жатқан өрт сөндіру депосының құрылысымен танысты. Бұл нысандар да партияның Жол картасына енгізілген.
Шалқар ауданына қарасты Бозой ауылында Қазыбек Әлішев жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Онда мектеп, спорт кешені, жазғы футбол алаңының құрылысы, жол сапасы және сұйытылған газ тапшылығы сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Сұйытылған газдың жеткізілуі мен қолжетімділігіне қатысты ұсыныстар тыңдалды.
Мәжіліс депутаты «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының қызметкерлерімен де кездесу ұйымдастырды. Кездесуге облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұлов және қалалық мәслихат депутаттары, партия өкілдері қатысты. Жиында төмен жалақы, еңбек шарттары, Еңбек кодексіне қатысты мәселелер көтерілді.
Қазыбек Әлішев сонымен қатар Мәжілісте қаралып жатқан заңнамалық өзгерістерге де тоқталып, олардың маңызын кеңінен түсіндірді.
— Биыл — Жұмысшы мамандықтары жылы. Біз Мәжілісте осы саладағы мәселелерге айрықша назар аударып отырмыз. 3-ші сессия барысында 250-ге жуық мәселе қаралып, 90-нан астам заң қабылданып, Сенатқа жолданды. Атап айтқанда, Бюджет, салық және су кодексіне өзгерістер енгізілді. Суды үнемдеу мәселесіне де ерекше мән берілді, — деді Мәжіліс депутаты.
Сонымен қатар Қазыбек Құрманғалиұлы алаяқтық, әсіресе онлайн несиелеу саласындағы қауіп-қатерлерге тоқталып, оны азайту мақсатында Мәжіліс депутаттары тарапынан алғаш рет несие рәсімдейтін азаматтарға өтінішті тек банк бөлімшелерінде офлайн түрінде беру нормасын енгізу туралы ұсыныс жасалғанын атап өтті. Бұл бастама азаматтардың атына заңсыз несие рәсімдеудің алдын алуға бағытталған.
Жол инфрақұрылымы мәселесіне де баса назар аударылды. Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Ұлғайсын және Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз бағыттарындағы республикалық маңызы бар жолдар бойынша жүргізіліп жатқан және жоспарланған құрылыс жұмыстары жайлы баяндалды.
Қазыбек Әлішевтің айтуынша, 2029 жылға дейін Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Ұлғайсын бағытындағы жол дейінгі І санатқа ауыстырылады. Ал Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз бағытындағы жолдың110 шақырымы биыл аяқталады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ОрталықҚазақстан мен Маңғыстау облысын байланыстыратын логистикалық жол желісі де қозғалды. Бұл бағыт Арқалықтан басталып, Ырғыз ауданы арқылы өтеді.
Айта кету керек, Ырғыз ауданы—облыстағы шалғай орналасқан аймақтардың бірі. Жаңажол желісі дәл осындай алыстағы елдімекендердің дамуына, кәсіпкерліктің кеңеюіне жол ашады.
Қоғамда жиі талқыланатын қараусыз қалған ит-мысық мәселесі де назардан тыс қалмады. Мәжіліс депутатының айтуынша, егер қаңғыбас ит пен мысықтың иесі табылмаса, оларды уақытша ұстау мерзімін 2 айдан 15 күнге дейін қысқарту ұсынылған.
А.АЛТЫБАЕВА.



